Еліміздегі онкологиялық аурулар, бүкіл әлемдегідей, әлеуметтік маңызды және медицинаның басым бағыттарының бірі болып табылады. Жетісу облысында онкологиялық аурудың сүт безі, жатыр мойнының және асқазанның қатерлі ісігі жиі кездеседі. Аурудың өсуі 4,2 пайызды құрайды. Аймағымызда ауруды ерте анықтау және алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде облыстық көпсалалы емхана директорының орынбасары Гүлайым Оразбекова баспасөз мәслихатында хабарлады.
«Сүт безінің қатерлі ісігі әйелдерде жиі кездесетін қатерлі ісіктердің бірі болып саналады. Бұл онкологиялық аурулардың 16% құрайды. 2022 жылмен салыстырғанда бұл сырқат айтарлықтай көбейген. Қазіргі уақытта қазақстандықтарға онкоскринингтің 3 түрі қолжетімді. Тегін онкоскринингтерді МӘМС шеңберінде тұрғылықты жері бойынша емханалардан: 30-70 жастағы әйелдер — жатыр мойны обырына (әр 4 жыл сайын), 40-70 жастағы әйелдер — сүт безі қатерлі ісігінің скринингі (әр 2 жыл сайын), ерлер мен әйелдер 50-70 жаста – колоректальды қатерлі ісікке (әр 2 жыл сайын) өтуге болады. Қазіргі уақытта онкологиялық аурулардың алдын алу бойынша кешенді жоспарлардың бірі — вакцинация. Жатыр мойны обырына жасөспірім кезінде қыздарға екпе салу жоспарлануда. Әлемдік тәжірибеде вакцинаны алған және алмаған қыздарды салыстыру деректері бар. Біз бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, келешекте облысымызға да енгізуді жоспарлап отырмыз», — деді. Талдықорған қаласының облыстық көпсалалы клиникасында онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу үшін қызметтердің барлық спектрі көрсетіледі және тегін негізде жүргізіледі . Спикер аталмыш емханада денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен құрал-жабдықтардың жаңартылғанын, экспорттық деңгейдегі УДЗ аппараты мен көпфункционалды маммография бар екендігін тілге тиек етті. Медициналық қызметтің деңгейін жақсарту мақсатында сараптамалық класстағы ультрадыбыстық аппарат алынатындығын айтты.
Айта кетейік, ел Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жуырда «2023 – 2027 жылдарға арналған онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар» әзірленіп, бекітілген болатын. Жоспардың іс-шараларын іске асыру еліміздегі тұрғындардың ауруының дамуының бастапқы кезеңдерінде өкпе ауруларын диагностикалау, жатыр мойны патологиясының қауіп факторы ретінде адам папиллома вирусы инфекциясын анықтау үшін төмен дозалы компьютерлік томографияны кеңінен қолдану есебінен ерте сатыда қатерлі ісік диагностикасының заманауи технологияларына қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Компьютерлік, магниттік-резонанстық, позитрондық-эмиссиялық томографияны, радиоизотоптық зерттеулерді пайдалана отырып, заманауи сәулелік диагностика аппараттарында зерттеп-қарау мүмкіндігі едәуір артады, телемедицина, жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді енгізу көзделген. Оның табысты іске асырылуы таяудағы бес жылда қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұл жалпы денсаулық сақтау жүйесіне қазіргі заманның кең қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, дамудың неғұрлым сапалы деңгейіне шығуға мүмкіндік беретін мамандандырылған көмек көрсету болып табылады.