Ахмет бейнесін сомдаған білімгер

287

 Президентіміз :«Мем­лекеттік тіліміздің қолданысын кеңейту болашақтағы ең басты мақсаттарымыздың бірі болуы тиіс. Мемлекеттік тіл кәсіптің бар­лық саласында кең қолданылуы қажет. Сонда ғана қазақ тілінің мәртебесі көтеріледі»,- деп атап көрсетті.

 Ел бірлігінің негізі – тіл бірлігінен бастау алатыны белгілі .  Мемлекет басшысының  «Қазақ тілін жақсы білетін  өзге ұлт өкілдерін қолдау» тапсырмасы бар, ол да  жүзеге асырылуда. Әрине,шынтуайтында , ҚР-ның әр азаматы мемлекеттік тілді, ең алдымен, өз Отанына деген  шынайы  сезім мен сыйластық үшін үйренуі керек.

Десе де, егер бір ғана патриоттық сезім жеткіліксіз болса, біз  мұндай адамдардың қазақ тілін үйренуіне талпыныстар  тудырып  отыруымыз керек. Мемлекеттік тіл- еліміздің  өзегі,тірегі, негізі және қоғамдық келісімнің қалыптасуында маңызды тарихи рөл атқарады. Сондықтан қазақ тілінің этносаралық коммуникация тілі ретіндегі шоғырландырушы әлеуетін іске асыру – басты міндетіміздің бірі.

Біздің Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласы төрінде айтулы саяси-әлеуметтік маңызы зор істер қолға алынған. Әрдайым азаматтар  қарапайым еңбекпен, ал жастар білімдерімен   көш бастайды. Елдегі бейбітшілікті, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы жауапкершілікті сезіне отырып, Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстанды» құрудағы жүйелі бастамаларын жүзеге асыруға атсалысуда.  Бұл ретте,  қоғамдық келісімнің, бірліктің үлгісі ретінде көш басында тұрған  істер аузымызға алдымен оралады. Ендеше  бұл дегеніміз елімізді, өлкемізді дамыту – елдікті, бірлікті жаңғырту деген сөз. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру маңызды.  Біз үнжариямыз арқылы  үнемі мемлекеттік тілде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері өздерінің қазақ тілін үйрену, тілге  деген  құрметі туралы мақалаларды жариялап келеміз.  Сондай  қазақ халқының тілі мен салт-дәстүрін құрметтеп жүрген Талдықорған жоғары медициналық колледжінің білімгері Мамед Мамедовпен жолығып қайтқан едік.

   Мамед  Мұстафаұлы :« Жуырда  Қазақстан Республикасы  Денсаулық сақтау министрлігі  Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы мен  Жамбыл жоғары медициналық колледжінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Ахмет Байтұрсынұлы-тіл мұрасы» атты республикалық колледжаралық байқауы өтіп, оған  1-2-курс білімгерлері қатысты. Байқау — жастар арасында қазақ халқының төл өнері мен мәдениетін, салт-дәстүрін дәріптеу,бір-біріне деген инабаттылығын, парасаттылығын, ата-баба дәстүрін насихаттау, патриоттық рухта тәрбиелеу және қазақ халқы әдебиетіндегі ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттау  мақсатын көздеді. Байқауға  еліміздің әр аймағынан   «сен тұр, мен атайын»  деген кілең мықтылар жиналды.  Мен бірінші кезекте осы колледждегі қазақ тіл мен қазақ әдебиеті пәнінің оқытушысы Ардақ Тоқанқызына ерекше  ризашылығымды білдіремін. Бұл байқауға қатысу оңайға соқпады. Алдын ала сабақтан тыс уақытта дайындалдық. Алтын уақытын бөліп, алға сүйреген ұстазға алғысым шексіз».

 Талдықорған жоғары медициналық колледжінің «Лабораториялық диагностика» 201 тобының білімгері  Мамед Мамедов және ұстазы, жетекшісі  Ардақ  Тоқанқызымен  Тараз қаласына  бірге барып қайтты.  Қанжығалары майланып,  республикалық  байқаудан  жүлделі бірінші орынды иеленіп  қуанышпен оралды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының  өмірі мен шығармашылығын қамтыған байқауға дайындалу зор еңбекті қажет еткен. Мұғалімнің айтуынша, Мамед еңбекққор бала. Таза еңбегімен жеңіске жетті.  Жауапкершілігі мықты. Мектепті ауылдық жерде бітірген, негізі бар.Әдебиетке қызығушығымен қатар, еркін күреспен айналысатыны тағы бар. Спортшы.

 Байқауда  Ахмет атасының образында шығып, «Туған  тілім» деген өлеңін мәнерлеп оқыған. Жоғары ұпай жинайды. Оның үстіне таныстыруда жер жаннаты, туған өлкесі Жетісу өңірінің сұлу табиғатын жырға қосқан. Үшінші кезеңі Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналыпты.  Осы ретте, қандай байқауға қатысса да, білімгер мен жетекшілерге  оқу орнының басшысы Серік Максимұлы Жансеңгіровтің қолдау көрсетіп келе жатқандығын айтқанымыз жөн.

Ардақ  Ибрагимованың  бұл оқу орнында қызмет жасағанына 15 жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында студенттерге қазақ тілінің құндылығын үйретіп қана қоймай, олармен бірге облыстық, республикалық тілдік сайыстарда топ жарды. Мәселен, Светлана Бабкина, Эмина Асаноғлы деген шәкірттері облыстық тіл сынында бас жүлдені алып, республика дейін барған болатын.  Облыстан алдыңғы орындарды қолдан бермейтін Эмина қазіргі таңда Қарағандыдағы медициналық университетте оқып жатыр.

Ал енді Мамедтің есімі өзі атасының құрметіне қойылған екен.  Курд ұлт өкілінің баласы  өте биязы. Үштөбе қаласында дүниеге келген. Қанабек ауылында тұратын әке-шешесінің сүт кенжесі, 5 баланың кішісі.

Аталары киелі өлкеге бұрыннан қоныстанған, диқаншылықпен айналысады.  Отбасында өзіндік салт-дәстүрді ұстанады. Үлкен ағасы ата мен апа бауырында өскен.  Анасы Зульфия қазақтың етін асып,  Мамед жақсы көретін бауырсақты қаладан үйіне барғанда үнемі дайындап қояды екен. «Тіл білгеннің арқасында достарым көп.  Ауылда бірнеше ұлт өкілдері қатар оқыдық. Бәріміздің ортақ тіліміз- қазақ тілі. Қазақстан деген ортақ  шаңырақ астында бірге тірлік етіп жатқандықтан, тату-тәтті болуымыз керек.  Әрбір азамат мемлекеттік тілді білуі керек. Қазақша сөйлеп ғана емес, біздер мұсылмандық бес парыздың бірі ораза  ұстаймыз. Көктемнің шуақты мейрамы Наурызды тойлаймыз. Наурызкөже жасаймыз. Жаз бойы қымыз ішіп, анамның ыстық бауырсағын жегенге не жетсін?! »-дейді білімгер.

Өзі жатақханада  тұрады, араласатын жора-жолдас, достармен бірге кітап оқып, арасында жаттығуға барып жүргендігін де айтуды ұмытпады. Араласатын жолдастарына бауырындай  қарайтындығы байқалып тұр. Қазақтың бауырмалдық қасиетін көргендей болдық.  Тілдік байқауларға қатысудың арқасында сан түрлі әдеби кітаптарды оқып шыққан. Жүрегі де, тілегі де бір адамды жақындастыратын-тіл екендігі даусыз. Мамед осы өңірден ғана емес, байқаудың арқаасында елімізің түкпір-түкпірінен көптеген тілектес достар тапқан. Қазақшаға жетік, ақкөңіл жасқа бізде тек жақсылық пен білім,  ақ жол тілейміз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз