«Таза Қазақстан» бағдарламасы – бір реттік тазалық акциясымен шектелмейтін, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды жалпыұлттық бастама. Оның негізгі мәні – туған жердің тазалығы мен көркеюіне жауапкершілікпен қарауды әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналдыру. Қоршаған ортаның тазалығы – қоғамның мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігінің айқын көрсеткіші. Сондықтан тазалық мәселесін тек белгілі бір күндері өткізілетін сенбіліктермен шектеуге болмайды. Айналаны таза ұстау, қоқысты тиісті орынға тастау, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, жасыл желекті қорғау және қоғамдық орындарға жанашырлықпен қарау – күнделікті дағдыға айналуы тиіс қарапайым, бірақ маңызды әрекеттер. Табиғатты қорғау – өткенге тағзым мен болашаққа деген жауапкершіліктің сабақтастығын білдіреді. Ата-бабамыз «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек» деп табиғатты аялаудың мәнін ұрпақ санасына сіңірген. Бұл ұстанымдар бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ. Қазіргі кезеңде табиғатты ұқыпты пайдалану мен оны келер ұрпаққа аман жеткізу мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Бүгінде бұл бастама аясындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасуы қоғамның ортақ жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы – тазалық шараларын уақытша науқан ретінде емес, тұрақты әдет пен өмір салты ретінде қабылдау. Бүгін қоршаған ортаға жасаған қамқорлығымыз – ертеңгі ұрпаққа қалдыратын ең маңызды аманаттарымыздың бірі.
Мақсат Есбатыров



























