Бейбіт Исабаев Литва Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісімен кездесу өткізді

Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Қазақстандағы Литва Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Эгидиюс Навикас бастаған Елшіліктің ресми делегациясымен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты экономикалық және мәдени ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы құттықтау сөзінде екі ел арасындағы қарым-қатынастар өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықты кеңейтуге берік негіз қалайтынын атап өтіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарына тоқталды.

Бейбіт Исабаев Жетісу облысының ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, «жасыл» энергетика мен туризм салаларында әлеуеті зор екенін айтты. Бұған өңірдің географиялық орналасуының қолайлылығы, дамыған инфрақұрылымы, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы және «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы ықпал етуде. Сонымен қатар облыс Қытаймен шекарада 5 кеден бекеті орналасқан республикадағы бірден-бір аймақ. Өңір басшысы облыстың инвестициялық әлеуетіне де кеңінен тоқталды.

– Қазіргі уақытта өңірімізде Литва Республикасымен бірлескен кәсіпорындар жоқ. Дегенмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз. Бүгінгі алғашқы бірлескен кездесу де осы бағытқа айтарлықтай ықпал етеді деп ойлаймын. Өз тарапымнан облыста қолданыстағы заңнама аясында бизнес өкілдері мен әлеуетті инвесторлар үшін барлық қажетті әкімшілік және экономикалық жағдай жасалғанына сендіре аламын, – деді Б. Исабаев.

Өз кезегінде Эгидиюс Навикас жылы қабылдау үшін алғыс білдіріп, екіжақты әріптестікті дамытудың ықтимал бағыттарына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ Жетісу облысында Құрметті консулдықтың ашылғанын хабарлады. Талқылау барысында ауыл шаруашылығы, оның ішінде қант қызылшасын өсіру, туризм, кәсіпкерлік және ІТ-технологиялар салаларын қамтитын өзара іс-қимылдың әлеуетті бағыттары айқындалды.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілігін растап, алдағы уақытта бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз