2026 жылғы 4 қарашада Жетісу облысында Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Дәурен Оденұлы Темірбековтің қатысуымен халықпен кездесу өтті. Жиынның басты мақсаты – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру.
Кездесуде атап өтілгендей, Жолдаудың басты идеясы – елдің экономикалық және қаржылық мүмкіндіктерін азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және өңірлерді дамытуға бағыттау болып табылады.
Кездесуге қатысушыларға арнаған сөзінде Дәурен Темірбеков барлық реформалардың басты бағытын ерекше атап өтті:
«Мемлекет дамуының ең жоғары өлшемі және барлық реформалардың оң нәтижелерін көретін негізгі тұтынушылар – бұл біздің азаматтарымыз. Жолдауда белгіленген бастамалардың басты міндеті – экономиканы нығайту, инфрақұрылымды дамыту, халықтың табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту арқылы осы өзгерістерден нақты практикалық нәтижелерге қол жеткізу».
«Халықтық құрылыс»: Жетісуды дамытуға 81,1 млрд теңге
Ауқымды «Халықтық құрылыс» бағдарламасы шеңберінде 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге қарастырылған. Осы бағдарлама аясында Республикалық бюджет комиссиясы Жетісу облысы үшін жалпы сомасы 81,1 млрд теңгені құрайтын 27 жобаны мақұлдады:
Газдандыру: Ақсу, Сарқан, Алакөл, Панфилов және Қаратал аудандарының елді мекендерін газдандырудың 22 жобасына 37,4 млрд теңге бағытталады.
Денсаулық сақтау: Денсаулық сақтау саласына 21,6 млрд теңге бөлінді, оның ішінде Үшарал қаласында 200 төсектік орталық аудандық аурухана құрылысына 19,6 млрд теңге қарастырылған.
Судан қорғау нысандары: Судан қорғау шараларына 13,3 млрд теңге қарастырылып, оның 10,5 млрд теңгесі Алакөл көліндегі қоршау бөгетінің құрылысын жалғастыруға жұмсалады.
Инфрақұрылым және туризм: Ескелді ауданындағы «Бұрхан-Бұлақ» сарқырамасына апаратын автокөлік жолын реконструкциялауға 8,9 млрд теңге бөлінді.
Инфрақұрылымдық дамудың ауқымы туралы вице-министр былай деді:
– «Халықтық құрылыс» бағдарламасы жаңа кезеңдегі басты инфрақұрылымдық бастамалардың біріне айналуда. Ең бастысы – жұмсалған мемлекеттік қаражат экономикалық және әлеуметтік қайтарым беруі тиіс, өйткені бұл қаражат, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған».
Бизнесті қолдау және әділ салық салу
Кездесуде кәсіпкерлерге түсетін артық жүктемені жоюға және салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге бағытталған Салық кодексіне енгізілетін түзетулер талқыланды. Мемлекет басшысының 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске тексеру жүргізуге үш жылдық мораторий енгізу туралы ұсынысы қарастырылуда. Сондай-ақ ШОБ субъектілерінің мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндіктері кеңейтілуде (50 мың АЕК-ке дейінгі тауарлар мен қызметтерді сатып алу тек ШОБ субъектілері арасында жүзеге асырылады).
Қаржыны цифрландыру және цифрлық теңге
Мемлекеттік шығыстардың ашықтығын қамтамасыз етудің басты құралы бюджеттік процестерді цифрландыру екені атап өтілді. Қазынашылық жүйесін модернизациялау және цифрлық теңгені қолдануды кеңейту бюджеттің әрбір теңгесін тапсырыс берушіден соңғы алушыға дейін бақылауға мүмкіндік береді.
Дәурен Темірбеков бюджетті цифрлық бақылаудың артықшылықтарына бөлек тоқталды:
«Бюджет қаражатын цифрлық теңге нысанында пайдалану төлемдерді аудару уақытын азайтумен және ашықтықпен қатар, әрбір теңгені бақылау арқылы қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етеді, шарт шеңберіндегі міндеттемелер толық орындалғанға дейін қолма-қол ақшаға айналдыру мүмкіндігін жояды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады».
«Жетісу-Ақпарат»





























