Тазалық – мәдениетті қоғамның айнасы. Көшенің, ауланың, саябақтың немесе қоғамдық орындардың таза әрі жинақы болуы тек коммуналдық қызметтердің ғана міндеті емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Қай өңірде өмір сүрсек те, туған жеріміздің көрікті, таза әрі жайлы болуы ең алдымен өзіміздің күнделікті іс-әрекетімізге байланысты. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау – адамның мәдениеті мен азаматтық ұстанымының көрінісі. Қоқысты белгіленген орынға тастау, табиғи нысандарды ластамау, жасыл желекті қорғау, қоғамдық орындарға жанашырлықпен қарау сияқты қарапайым дағдылар қоғамдағы тазалық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Осындай қарапайым әрекеттер көпшіліктің ортақ әдетіне айналғанда ғана елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы тұрақты нәтижеге ие болады. Бүгінде елімізде қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы. Оның түпкі мәні – табиғатты аялау, тазалық пен тәртіпті дәріптеу, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру және экологиялық мәдениетті күнделікті өмір салтына айналдыру. Таза көше, көрікті аула, жасыл саябақ – жай ғана сыртқы көрініс емес. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасы, қоғамдық мәдениеті және туған жерге деген құрметінің көрінісі. Ал таза әрі жайлы орта қалыптастыруға қосылған әрбір үлес – елдің болашағына жасалған игі қадам.
Мейірман Тілеуберлинов



























