«Таза Қазақстан» – жалпыұлттық сипатқа ие болып, ел азаматтарын ортақ мақсатқа жұмылдырып отырған маңызды бастама. Қоршаған ортаға жанашырлық таныту, табиғатты аялау, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу – әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігінің бір көрінісі. Аталмыш жалпыұлттық жобаның жүзеге асырылып, ел ішінде кең қолдау тауып келе жатқаны қуантады. Бастама аясында еліміздің барлық өңірінде сенбіліктер, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары, аумақтарды тазарту, ағаш отырғызу секілді игі шаралар ұйымдастырылып келеді. Оған мемлекеттік қызметшілермен қатар, еңбек ұжымдары, жастар, еріктілер, қоғамдық ұйымдар және қарапайым тұрғындар белсенді қатысуда. «Таза Қазақстан» бастамасының басты мақсаты – азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру, табиғатты қорғауға деген қоғамдық жауапкершілікті күшейту. Сонымен қатар, бұл жоба өскелең ұрпаққа туған жерді құрметтеу, отансүйгіштік пен елге қызмет етудің нақты үлгісін көрсетеді. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысып, шараның қоғамдық және тарихи маңызына тоқталды. Президент игі іске атсалысып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді. Бұл – табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны сақтау ісінің мемлекеттік деңгейде ерекше маңызға ие екенін көрсетеді.
Ақшабай Керімбеков



























