Жетісу облысында Қала күні қарсаңында талдықорғандық 43 отбасына жаңа баспананың кілті табысталды. Атап өтсек, жыл басынан бері бүгінгі қоныс иелерін қоса алғанда, қала бойынша 617 отбасы баспаналы болды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кілт табыстау рәсімінде Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету Мемлекет басшысы айқындаған маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол облыс басшылығының қолдауымен Талдықорғанда бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Тұрғын үй құрылысының қарқыны артып, жаңа үйлер пайдалануға берілуде, осылайша жыл сайын жаңа қоныс қуанышына жеткен отбасылардың қатары көбейіп келеді.
Атап айтқанда, биыл қалада 177,6 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жақын арада «Бірлік» шағын ауданында 170 пәтерге арналған екі кредиттік тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Жыл соңына дейін «Ынтымақ» тұрғын алабында 200 пәтерлі бес бесқабатты үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Тұрғын үй құрылысына жеке инвесторлар да атсалысуда. «Жастар-3» тұрғын алабында 350 үйдің құрылысы жалғасып жатса, қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде 641 пәтерлі тоғыз қабатты үй бой көтеруде.
Осы күні жаңа қоныс иелеріне «Құлагер» шағын ауданынан, «Береке» коттедж қалашығынан және «Жастар-3» тұрғын алабынан тұрғын үйлердің кілттері табысталды.
Атап айтқанда, биыл қалада 177,6 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қоныс иелерінің бірі Элина Кибедова ой бөлісті. Ол 13 жылдан астам уақыт бұрын жетім бала ретінде тұрғын үй кезегіне тұрған. Осы уақыт ішінде отбасын құрып, ана атанды. Енді Элина мен оның ұлдары Абдуллах, Ахмад және Халидтің өз пәтері бар. Ол осы жылдар бойы бұл күнді асыға күтіп, бір күні өз баспанасына ие болатынына сенгенін айтады. «Сондықтан кілт табыстау сәті біздің отбасымыз үшін ерекше маңызды», — дейді ол.
Гүлнар Нүсіпова да қуанышын жасырмады. Ол салтанатты рәсімге балалары мен немерлерін ертіп келді. 15 жылға жуық уақыт тұрғын үй кезегінде тұрған отбасы бүгін алғаш рет өз үйлерінің кілтін қолына алды.
— Біз үшін үйлі болу — бір бақыт. Мемлекетке көрсетіп отырған ықыласы мен қамқорлығы үшін алғыс айтамын. Өзім үшін ғана емес, бүгін менімен бірге қоныс тойын атап өтіп жатқан басқа жерлестерім үшін де қуаныштымын, — деді ол.
Жалпы, жыл соңына дейін Талдықорған қаласында 1500-ден астам отбасын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев




























