Талдықорған – әр буынның көзімен

5

Шыбық қадасаң, шынар шығатын, өскен тал орманға, ал тас қорғанға айналатын құнарлы мекен – Жетісу жері қашанда берекесі мен ырысы жарасқан өлке. Шаһарымыз мемлекетіміздің жасампаз саясатының аясында көрсетіліп отырған жан-жақты қолдаудың және еңбек ұжымдарының қажырлы еңбегінің арқасында күн санап жаңарып, көркейіп келеді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған игі бастамалар жүзеге асып, жаңа нысандар бой көтеруде. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар нысандардың ел игілігіне берілуі шаһардың ажарын айшықтап қана қоймай, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға да оң ықпалын тигізуде. 

Бір қалада өмір сүргенімен, әр буынның Талдықорған туралы өз естелігі,  бағасы және арманы бар. Аға буын үшін қала — өткен өмірінің куәсі болса, жастар үшін — бүгінгі мүмкіндіктер мекені. Ал, балалар Талдықорғанды балалық шағы өтіп жатқан туған қаласы ретінде қабылдайды. Қала күні қарсаңында біз Талдықорғанды үш түрлі көзқараспен танып көрмек болдық. Үш буын өкілімен әңгімелесіп, қаламен байланысты естеліктеріне, бүгінгі көзқарасына және болашақ туралы ойларына үңілдік.

                                Өзіне тән ерекшелігі бар

Умиралинова Жанар Аманжолқызы — Талдықорған қаласының тұрғыны. Кейіпкер үшін Талдықорған — жай мекен ғана емес, өмірінің маңызды кезеңдері өткен ыстық өлке. Ол қаланың бұрынғы бейнесін, көшелерін, адамдарын және жастық шағын еске алады. Оның айтуынша, жылдар өте қала айтарлықтай өзгергенімен, өзіндік ерекшелігі сақталған.

«Осы жердің тұрғыны болғандықтан, қаланың әр кезеңін жақсы білемін деп айта аламын. Бұрынғы Талдықорған мен қазіргі Талдықорғанды салыстыруға мүлде келмейді. Соңғы жылдары қалада үлкен өзгерістер болды. Қаланың келбеті жаңарып, көптеген нысандар, кәсіпорындар мен сауда орындары бой көтерді. Көшелер абаттандырылып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасала бастады. Бұл кезеңге дейін қаланың бір тұста тоқырау кезеңін бастан өткергені рас. Кей жылдары Талдықорғанның кейбір бөліктері елсіз дала секілді көрінетін. Жарық мәселесі болды, жылу тапшы еді. Кей үйлер қараусыз қалып, тұрғындардың тұрмыстық жағдайы қиындады. Сол себепті халықтың бір бөлігі баспанасын тастап, басқа қалаларға қоныс аударуға мәжбүр болды. Мұны неге айтып отыр дерсіз? Қаланың тарихын білудің маңызы зор. Өйткені бүгінгі жетістікті бағалау үшін оның қандай кезеңдерден өткенін де есте ұстау қажет», — дейді.

           Арманға қанат бітірген алтын бесік

Асылсейіт Сламжанов — Талдықорғандағы жас буынның өкілі. Ол үшін қала — балалық шақтың естелігі ғана емес, қазіргі өмірі мен болашақ жоспарларының бір бөлігі.

«Біз ежелден бақ-береке мен құт қонған қасиетті мекенімізді мақтан тұтамыз. Туған жерге деген сүйіспеншілік – Отанды сүюдің бастауы. Ал туған өлкенің әр жетістігіне қуанып, оның дамуына өз үлесіңді қосу әр азаматтың парызы. Бүгінде біз Талдықорған қаласының жастары ретінде туған қаламыздың жылдан-жылға көркейіп, жаңарып, жасампаздықтың жарқын мекеніне айналып келе жатқанына куәміз. Сұлу табиғаты мен жасыл желегі жарасқан, сәулеті мен сәні үйлескен көрікті шаһарымыздың өркендеуіне атсалысып жүрген барша азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Талдықорған – жастық шағымыздың мекені, арманымызға қанат бітірген алтын бесігіміз. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді халқымыз. Талдықорғанға ат басын бұрған әрбір қонақ оның тазалығын, табиғатын, жасыл желегін, жайлы ортасын сүйсіне айтып жатады. Бұл қала тұрғындарының еңбегі мен туған жерге деген жанашырлығының жемісі болса керек. Талдықорған – біздің ортақ үйіміз, ортақ мақтанышымыз, ортақ болашағымыз!»

                    Менің қалам, осындай!

Шерхан, Расул, Қабден Бейсенғали — Талдықорғанның кішкентай тұрғындары. Олардың қала туралы түсініктері ересектердікінен әлдеқайда өзгеше. Кейіпкерлеріміз үшін Талдықорған — достарымен ойнайтын ауласы, отбасымен баратын саябағы және күн сайын көретін таныс көшелері.

«Біз өз қаламызды жақсы көреміз. Себебі мұнда біздің үйіміз, мектебіміз, достарымыз және отбасымыз бар. Күн сайын таныс көшелермен жүріп, мектебімізге, балабақшаға барамыз. Қаламыздың таза ауласы және жасыл ағаштары ұнайды. Бос уақытымызда достарымызбен ауладағы ойын алаңында ойнаймыз. Қаладағы саябақтар мен түрлі қызықты жерлерге барғанды да жақсы көреміз. Өз қаламызды әрқашан мақтан тұтамыз!», — дейді олар.

Үш кейіпкердің әңгімесін тыңдай отырып, Талдықорғанның әр буын үшін әртүрлі мағынаға ие екенін аңғаруға болады. Аға буын қаланың өткенін еске алады, жастар оның бүгінгі тынысын сезінеді, ал, балалар болашақ Талдықорғанды өз қиялымен елестетеді. Уақыт өзгереді, қала өзгереді, адамдардың оған қоятын талабы да өзгереді. Алайда туған қалаға деген байланыс әр буынға ортақ. Талдықорғанды бір адамның немесе бір кезеңнің тарихымен шектеу мүмкін емес. Оның тарихы — осында өмір сүрген және өмір сүріп жатқан адамдардың естеліктерінен, бүгінгі тіршілігінен және ертеңге деген арманынан құралады. «Талмен қоршалған қамалдың» ертеңі бүгінгі үш буынның — үлкендердің тәжірибесі, жастардың талпынысы және балалардың арманы тоғысқан жерде қалыптасады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз