Жетiсуда «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына құжат қабылдау жүріп жатыр

Аталған гранттың негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендерде тұратын жұмыссыз жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, жаңа бизнес-жобаларды іске асыруына мүмкіндік жасау және олардың тұрақты жұмыспен қамтылуына ықпал ету.

Сонымен қатар, грант жастарды ауыл шаруашылығы мен шағын бизнеске тартуға, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға және өзін-өзі жұмыспен қамту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.

Грант кімдерге беріледі?

Конкурсқа Жетісу облысының ауылдық елді мекендерінде тұрақты тіркеуде тұрған, 18 жастан кем емес және 34 жастан аспаған жұмыссыз жастар қатыса алады.

Үміткер өзінің жұмыссыз мәртебесін Мансап орталығынан алынған тиісті анықтама және соңғы 6 айдағы зейнетақы аударымдары туралы мәлімет арқылы растауы қажет.

Грант қандай бағыттарды қамтиды?

Жалпы, грант аясында ауыл жастары үшін 6 негізгі бағыт белгіленген.

Біріншісі – мал және балық шаруашылығы. Бұл бағытта ірі қара, ұсақ мал, құс, ара және балық өсіру, сондай-ақ оларға қатысты қосалқы шаруашылықтарды дамытуға болады.

Екіншісі – өсімдік шаруашылығы. Оның ішінде жылыжайда қияр, қызанақ, бұрыш, көк шөптер және басқа да өнімдерді өсірумен қатар, ашық дала дақылдарын өндіру қарастырылған.

Үшіншісі – сүт өнімдері өндірісі. Яғни сүт, ашытылған сүт өнімдері, сүзбе және басқа да сүт негізіндегі өнімдерді өндіру.

Төртінші бағыт – қолөнер және шағын өндіріс. Мұнда ұлттық және заманауи қолөнер бұйымдарын жасап, оларды сатуға мүмкіндік беріледі.

Бесінші – тағам өндірісі және қоғамдық тамақтану. Мысалы, жартылай фабрикаттар, кондитерлік өнімдер өндіру, асхана және басқа да қоғамдық тамақтану орындарын ашу және дамыту.

Алтыншы бағыт – білім беру орталықтары. Бұл бағытта балаларды дамыту орталықтарын, балабақшаларды, қосымша білім беру орталықтарын, спорттық залдар мен шығармашылық және зияткерлік үйірмелер ашуға болады.

Грант көлемі қанша?

Әрбір конкурс жеңімпазына 3 миллион теңге көлемінде грант беріледі.

Бұл қаражат тек ұсынылған бизнес-жобада көрсетілген мақсаттарға жұмсалуы тиіс. Яғни грант қаражатын еңбекақы төлеуге, үй-жайды жалға алуға немесе жобада көзделмеген басқа мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді.

Конкурсқа қатысу үшін қандай құжаттар қажет?

Үміткер белгіленген нысан бойынша өтінім береді. Өтінімге жобаның сипаттамасы, жоба таныстырылымы, шығыстар сметасы, жеке куәлік көшірмесі, жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама, соңғы 6 айдағы зейнетақы аударымдары туралы анықтама және тұрғылықты жері бойынша тіркеуді растайтын құжат қоса беріледі. Қажет болған жағдайда білім туралы құжат та ұсынылады.

Конкурс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде өтінімдердің толықтығы мен белгіленген талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Екінші кезеңде жобалар конкурстық комиссия тарапынан бағаланып, жеңімпаздар анықталады.

Конкурстық комиссия құрамына облыстық басқармалардың, азаматтық қоғамның өкілдері мен кәсіпкерлер кіреді. Комиссия жұмысы ашықтық пен айқындық қағидаттарына негізделеді.

Жобаларды бағалау өтінімдер қабылданғаннан кейін
15 жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Үміткерлердің жобаларын таныстыруы тыңдалады.

Грант алғаннан кейін де бақылау жүргізіледі.

Жеңімпаз шартқа қол қойылған күннен бастап 3 ай ішінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті. Сондай-ақ осы мерзім ішінде грант қаражатының мақсатты жұмсалуы және жобаның іске асырылу барысы туралы есеп ұсынуы қажет.

Грант қаражатының мақсатты пайдаланылуына жыл ішінде мониторинг жүргізіледі. Егер қаражаттың мақсатсыз жұмсалғаны анықталса, грант сомасын толық қайтару туралы талап қойылады.

Қорытындылай келе, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты – ауылдық жерлердегі жұмыссыз жастарға өз кәсібін бастауға, жаңа жобаларды іске асыруға және тұрақты табыс көзіне ие болуға мүмкіндік беретін нақты қолдау тетігі.

Басты мақсатымыз – ауыл жастарының кәсіпкерлік әлеуетін арттырып қана қоймай, олардың өз өңірінде еңбек етіп, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруына жағдай жасау.

Құжаттарды қабылдау мекенжайы: Талдықорған қаласы, Қонаев көшесі, 47, «Жетісу жастары» орталығы, 102-кабинет.

Өтінімдерді қабылдау: 2026 жылдың 7 қыркүйегінен

7 қазанға дейін.

Байланыс телефоны: 8 708 170 17 05.

 «Жетiсу жастары» КММ ақпараты бойынша

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз