Жетісу облысында картоп жинау науқаны аяқталуға жақын. Бүгінде алқаптардағы өнімнің 73%-ы жиналды. Сонымен қатар өңірдегі шаруа қожалықтарының бірінде алғаш рет чипс өндіруге арналған картоптың арнайы сорты өсірілді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Көксу ауданындағы «Кеңдала» шаруа қожалығы таңдаған картоп сорты шаруашылық үшін жаңа бағыт деуге болады — жиналған өнімді қоймада ұзақ сақтаудың қажеттілігі жоқ, өйткені өткізу нарығы орақ науқаны басталмай тұрып анықталған. Атап айтқанда, шаруашылықта өнеркәсіптік өңдеуге, яғни чипсы өндіруге жарамды картоп өсіріле бастады. Жиналған өнім арнайы көлікке тиеліп, күн сайын чипс шығаратын кәсіпорынға жөнелтіледі. Биыл шаруашылықта картоп өсіруге 33 гектар жер бөлінді. Қазіргі таңда гектарынан 23-25 тонна өнім алынып отыр.
— Өнеркәсіптік өңдеуге арналған картоп тағам ретінде тұтынылатын асханалық картоптан өзгеше. Оны өсіру мен суару технологиясы да басқаша. Атап айтқанда, чипс өндіру үшін құрамында құрғақ зат мөлшері жоғары картоп қажет. Соның арқасында өңдеуден кейін сапалы чипс алынады: картоп тілімдері пішінін сақтап, майды аз сіңіреді әрі құрылымы өзіне тән қытырлақ күйге ие болады. Осыған байланысты біз «ВР 808» орташа ерте пісетін сортын таңдадық. Оның түйнектері домалақ-сопақша пішінді, қабығы мен жұмсағы сары түсті, орташа салмағы 80-109 грамм. Құрғақ зат мөлшері – 21–25%, сақталу деңгейі 95%-ға дейін жетеді. Алайда бізге қазір өнімді ұзақ сақтаудың қажеті жоқ, себебі күн сайын 20–25 тонна өнім алып, бірден өңдеуге жөнелтеміз, – деді «Кеңдала» шаруа қожалығы басшысының орынбасары Таймыр Маматаев.
Ол қазіргі өнімділік көрсеткіштеріне сүйене отырып, алғашқы тәжірибе оң нәтиже беріп отырғанын атап өтті. Осыған байланысты шаруашылық бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, картоп егістігінің көлемін келесі жылы 80 гектарға дейін жеткізуді көздеп отыр.
Шаруашылық алқаптарында картоп жинауға 20-ға жуық адам, қажетті арнайы техника жұмылдырылған. Жалпы, «Кеңдала» шаруа қожалығы 300 гектарға жуық жермен жұмыс істейді. Мұнда картоптан бөлек қант қызылшасы, жүгері, күнбағыс, жоңышқа және басқа да мал азығы дақылдары өсіріледі.
Жалпы, биыл Жетісу облысында жеке қосалқы шаруашылықтарды қоса алғанда, картоп өсіруге 6,5 мың гектар жер бөлінді. Бүгінде 4,6 мың гектар немесе алқаптардың 73%-ы жиналды. Жалпы өнім көлемі 125,5 мың тоннаға жетіп, орташа өнімділік гектарына 222,6 центнерді құрады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков



























