Жетісу облысында су ресурстарын ұтымды пайдалану және ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттыруға бағытталған ылғал үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соңғы төрт жылда заманауи суару технологиялары қолданылатын алқап көлемі 4,6 есеге артып, шамамен 34 мың гектарға ұлғайды. Қазіргі таңда өңірдегі суармалы жерлердің 20,5 пайызында ылғал үнемдеу технологиялары пайдаланылады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Тек биылдың өзінде 33 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 9,4 мың гектар алқапқа заманауи суару жүйелерін енгізді. Жалпы, ылғал сақтау технологиясы өңірде 43,1 мың га жерге қолданылып отыр, оның 16,9 мың гектары тамшылатып суару, ал 26,2 мың гектары жаңбырлатып суару жүйесі.
Ылғал үнемдеу технологияларын тиімді енгізіп отырған шаруашылықтың бірі – Кербұлақ ауданындағы «Агрохолдинг-Жетісу» ЖШС. Мұнда 2 мың гектарға жуық егістік алқаптың 1375 гектарына жаңбырлатып суару жүйесі орнатылған. Бұл шаруашылықта жерасты суын жеткізетін 26 ұңғымадан жұмыс істейтін, австриялық компанияның 26 заманауи жаңбырлатып суару қондырғысы пайдаланылуда. Жалпы сыйымдылығы 180 мың текше метрден асатын алты су жинақтау резервуары салынған. Сонымен қатар ұзындығы 40 шақырымнан астам электрмен жабдықтау желілері тартылып, жаңа трансформаторлар мен электр бағаналары орнатылды.
Жоба мемлекеттік қолдау шараларының көмегімен жүзеге асырылды. «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы шаруашылық жылдық 2,5% жеңілдетілген несие алып, оған қоса 700 млн теңгеден астам өз қаражатын салды.
«Агрохолдинг Жетісу» ЖШС-нің басшысы Ермек Толыбаевтың айтуынша, су ресурстары шектеулі аймақта орналасқан шаруашылық үшін жаңбырлатып суару жүйесін қолдану ең тиімді шешім болған.
«Біздің өңірде ірі өзендер, сондықтан жер асты сулары – негізгі су көзі. Біз қолданып отырған жаңбырлатып суару қондырғылары қысым мен айналу жылдамдығын дәл бақылайтын жүйемен жабдықталған. Бұл егістік алқабына судың біркелкі таралуын және ылғалдың тікелей өсімдіктерге жеткізілуіне жағдай жасайды. Автоматтандырылған басқару жүйесі суару уақыты мен қарқындылығын реттеуге, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сөйтіп дәстүрлі суару әдісімен салыстырғанда су шығыны 20–30 есеге дейін азаяды. Сонымен қатар ылғалды пайдалану тиімділігі айтарлықтай артады, – деді шаруашылық басшысы.
Шаруашылықта арпа, жүгері, күнбағыс, көпжылдық жоңышқа өсіріледі. Тиімді суару жүйесін қолдану сапалы әрі мол өнім алуға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, жүгерінің өнімділігі гектарына 50 тоннадан асса, күнбағыстың шығымы гектарына 20 центнерден жоғары.
Атап өтсек, өсімдік шаруашылығының өнімдері кәсіпорынның өз өндірісінде толықтай пайдаланылады. Жүгері, жоңышқа, арпа шаруашылықтағы 5 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңының жемшөп қоры үшін қолданылады. Алдағы уақытта бұл бордақылау алаңын кеңейту жоспарланып отыр. Ал май мен жом жасау үшін күнбағыс өңделеді.
Өңірде тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерімен қатар полиэтилен құбырларын пайдалану арқылы жүзеге асырылатын дискретті суару технологиясы да қарқынды дамып келеді, бұл жүйенің қолжетімділігін де атап өтуге болады. Қазіргі таңда облыстағы 35 шаруа қожалығында осы технология 3,7 мың гектар алқапта қолданылып келеді.
Мәселен, «Jetisu Agro Complex» ЖШС-ға тиесілі шаруашылықтың бүкіл егіс алқабына, яғни 1 150 гектар жерге дискретті суару жүйесі енгізілген. Бұл жұмыстар өткен жылдан бері кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Сонымен қатар шаруашылықта жаңбырлатып суару технологиясы да қатар енгізілуде.
— Дискретті суару технологиясын қолдану арқылы су ресурстары үнемделеді, сондай-ақ суару жұмыстарына кететін уақыт пен еңбек шығыны азаяды. Мамандардың айтуынша, бұл технология суару суын 30–40 пайызға дейін үнемдейді. Қазіргі таңда шаруашылығымыздағы бүкіл егіс алқабында небәрі бес суарушы ғана жұмыс істейді. Сонымен қатар өткен жылдан бері жаңбырлатып суару жүйесін де енгізіп келеміз. Келер жылы 12 жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылған алқап көлемін 500 гектарға жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Себебі заманауи технологиялар өнімділікті арттырып қана қоймай, жұмысшылардың еңбегін де едәуір жеңілдетеді. Жалпы, біз өндіріс үдерісін толықтай автоматтандыруға тырысып келеміз, – дейді шаруашылықтың басқарушы директоры Қанат Саниязов.
Биыл шаруашылықта 650 гектар алқапқа жүгері, 500 гектарға күнбағыс, 50 гектарға экспортқа жөнелтілетін қарбыз егілді. Вегетациялық кезең басталғаннан бастап шаруашылықтағы механизатор, агроном, суарушы сияқты мамандар саны 20 адамға жеткізіледі. Қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 300 мың теңгеге дейін жетеді, сондай-ақ ынталандыру сыйақылары қарастырылған.
— Биыл біз жүгерінің 14 түрін ектік. Сапалы түрде суару мен заманауи агротехнологияларды қолданудың арқасында әр гектардан 10 тоннадан астам өнім аламыз деп күтіп отырмыз. Ауыл шаруашылығы – үлкен жауапкершілікті талап ететін күрделі сала. Сондықтан қазіргі заманғы технологиялар мен техниканы қолданбай жоғары нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Дегенмен ең бастысы, осы іске қатысы бар мамандардың барлығы ұйымшылдықпен үйлесімді еңбек еткені маңызды, – деді шаруашылық өкілі.
Осылайша, «Агрохолдинг Жетісу» ЖШС мен «Jetisu Agro Complex» ЖШС-нің тәжірибесі ылғал үнемдеу технологияларын енгізу су ресурстарын ұтымды пайдалануға ғана емес, сонымен қатар тұрақты жоғары өнім алуға және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін айқын көрсетіп отыр.
Сонымен қатар шаруашылықтарды қолдаудың қосымша тетігі ретінде биылғы сәуір айында «ҚазАгроҚаржы» АҚ лизингтік бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама аясында ылғал үнемдеу технологияларына арналған жабдықтарды жылдық 12,6 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен сатып алуға болады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, 2030 жылға қарай өңірде заманауи суару технологиялары енгізілетін алқап көлемін 175,2 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Ал биылдың өзінде бұл көрсеткіш 79,2 мың гектарды құрауы тиіс. Оның ішінде 43 мың гектарда тамшылатып суару, ал 36,2 мың гектарда жаңбырлатып суару технологиялары қолданылатын болады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Қанат Өмірәлинов




























