Талдықорғандағы Салтанат сарайында «30 жыл – Тәуелсіз елдің мемлекеттік қызметінде» атты тағы бір кітаптың тұсауы кесілді. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қолға алынған  шараны облыс әкімдігі мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған. Алматы облысы әкімінің қолдауымен 500 данамен жарық көрген жаңа басылымда аймақтағы мемлекеттік қызмет саласында атқарылған ауқымды істер толық қамтылған. Кітап авторы – «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Нұрғисаев.

Басқосуда облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов алдымен  Серікбай Өрікбайұлының еңбегіне жан-жақты тоқталып, оның  қоғамның дамуы мен өңірдің өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлестерін айырықша атап өтті. Осыдан соң аймақ ардагерлері кітаптың лентасын қиып, шығарма авторына алғыс білдірді.  Сөз кезегінде белгілі профессор Аманжол Қасабек автордың осыдан бұрын жарық көрген кітабымен салыстыра келіп: «Әр онжылдықтың тарихын түгендеп, мемлекеттік қызметтің жай-жапсарын жазып отыру – автордың ерекшелігі және мемлекеттік қызметті толық бақылауға алып, сүзгіден өткізіп жазуында», – деп атап айтты.

287 беттен тұратын кітапта «Мемлекеттік қызметшінің әдебі», «Ар алдындағы жауапкершілік бәрінен биік», «Билік пен БАҚ байланысы», «Мемлекеттік қызметші атанудағы алғашқы қадам» сынды 60-тан астам тақырыпта көптеген құнды материалдар топтастырылған. Басылым бір облыстың  ғана емес, еліміздегі мемлекеттік жас қызметкерлерге жолбасшы екені анық.

– Бұл кітап жас мемлекеттік қызметкерлерге, мемлекеттік қызметке келуді жоспарлап жүрген студенттерге ауадай қажет. Өйткені, мемлекеттік қызмет турасында тәжірибені сабақ есебінде үйрететін оқулықтар жоқтың қасы. Сондықтан да кәдеге жарайды  деген ойдамын, – дейді кітап авторы.

Шара барысында қаламгерге сый-құрмет көрсетіліп, елге танымал эстрада әншісі Гүлнұр Оразымбетованың әсем әндерімен аяқталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK