Көкөніс, ет, азық-түлік: Жетісуда әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қоры жасақталуда

«Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) тұрақтандыру қорын қалыптастыру аясында 8 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын жеткізуге келісімшарттар жасасты. Оның ішінде ет, көкөніс және азық-түлік өнімдері бар. Қазірдің өзінде 3,3 мың тоннадан астам көкөніс сақтауға қойылды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Тұрақтандыру қорын жасақтау аясында корпорация ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен қажетті өнімдерді жеткізу жөнінде алдын ала келісім жасасып, оларға Талдықорған қаласындағы көкөніс сақтау қоймасынан орын ұсынады. Бұл қордың әсіресе қыс мезгілінің соңы мен көктемнің басында, яғни өткен жылғы өнім қоры таусылып, жаңа өнім әлі жиналмаған кезеңде маңызы зор.

— Жалпы, ӘКК құны 2,9 млрд теңге болатын 8 мың тоннаға жуық өнім жеткізуге келісімшарт жасасты. Оның ішінде ет, азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдері бар. Қазірдің өзінде 3,3 мың тоннадан астам көкөніс сақтауға қойылды. Сонымен қатар аралық қоймада қант, күріш, қарақұмық және күнбағыс майы секілді жеті түрлі азық-түлік өнімдерінің шамамен 200 тоннасы сақтаулы, – деді «Жетісу» ӨДИ» ӘКК әлеуметтік жобалар департаментінің директоры Бахтияр Сембеков.

Бағдарламаға қатысушылардың бірі – «Жетісу достық» ЖШС. Шаруашылық Кербұлақ ауданында шамамен 700 гектар алқапқа картоп өсіріп, жыл сайын 10 мың тоннаға жуық өнім жинайды. Оның бір бөлігі чипс өндіруден бөлек өңдеуге жіберілсе, асханалық сұрыптары жергілікті нарыққа шығарылады. Биыл кәсіпорын әлеуметтік корпорациямен жасалған келісімшарт негізінде белгіленген баға бойынша сатуға 1,6 мың тонна картоп бөлді.

Серіктестіктің қаржы жөніндегі директоры Айнұр Германның айтуынша, өнім сапасын арттыру мақсатында шаруашылықта импорттық картоп сұрыптары өсіріледі. 2022 жылдан бері ӘКК егіс науқаны кезінде кәсіпорынға қолдау көрсетіп келеді. Ал жиналған өнім алдын ала келісілген бағамен өткізіледі.

— Біз картопты қанша көлемде сататынымызды және одан қанша табыс түсетінін алдын ала білеміз. Бұл жұмысымыз бен шығындарымызды жоспарлауға мүмкіндік береді. ӘКК-нің қолдауы біз үшін маңызды. Оның қаржыландыру мәселелерін шешуге және лизинг алуға жәрдемі зор, – деді А. Герман.

Мұндай әріптестік шаруашылыққа өнімді өткізу көлемін алдын ала белгілеп, түсетін табысты есептеуге, ал тұтынушыларға азық-түлікті келісілген бағамен сатып алуға септігін тигізеді.

Өңірде негізгі азық-түлік өнімі саналатын нан өндірушілердің бірі — «Sardar Export» ЖШС. Кәсіпорын күн сайын облыстағы 1,5 мыңға жуық дүкен мен сауда нүктесіне нан жеткізеді. Мұнда бірінші сұрыпты ұннан пісірілетін әлеуметтік нанның өткізу бағасы 110 теңге.

Жалпы, Жетісу облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына  бақылау тұрақты түрде жүргізіледі. Онда сауда орындарына, базарлар мен көтерме сауда алаңдарына мониторинг жасалады. Бағаның белгіленген талаптарының бұзылуын анықтаумен арнайы комиссия айналысады.

Егер мұндай тауарларға белгіленген сауда үстемесі заңда көзделген 15 пайыздық шектен асып кетсе, уәкілетті мемлекеттік органдар заңнамаға сәйкес тиісті шара қабылдайды. Мониторингілеуге мәслихат депутаттары, қоғам өкілдері, Кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысады.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының сауданы дамыту бөлімінің басшысы Азамат Жаңбырбаев атап өткендей, егер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы белгіленген шектен асып кеткенін байқасаңыз, бұл туралы тиісті мемлекеттік органдарға жазбаша өтініш жолдау немесе 109 нөміріне мәлімдеуге болады. Өтініште дүкеннің мекенжайын, тауардың атауы мен бағасын көрсету қажет. Сондай-ақ мүмкіндік болса, сатып алу чегін немесе баға көрсетілген сөре белгісінің фотосуретін қоса тіркеген жөн.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз