Жетісу облысының тұрғындары «Таза Қазақстан» бағдарламасыныңи іске асырылуын белсенді қолдауда. Қаратал ауданының тұрғындары елді мекендерді таза әрі қолайлы ету үшін сенбіліктерге тұрақты шығады. Мәселен, осы аптада Үштөбе қаласыныңы шағын аудандарының бірінде тұратын азаматтар көшелерді тазалап, қоғамдық орындарды қоқыстан тазартты, жол бойын ретке келтіріп, шөп шапты, маңайды абаттандырды. Сенбілікке осы күні 120-дан астам адам қатысты, сол сияқты тазалыұ жұмыстарына арнайы коммуналдық техника тартылды.
– Мен мұндай сенбіліктерден қалмауға тырысамын, өйткені тазалық – әрқайсымыз үшін де ортақ жауапкершілік. Бүгін жерлестеріммен бірге аумақты тазалап, шөп шаптық. Бірлескен еңбектің арқасында көшелеріміздің таза әрі көрікті бола түскенін көрудің өзі қуаныш. Осындай игі бастамаларға мүмкіндігінше көп адам атсалысып, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарайды деп сенемін, – деді экологиялық акцияға қатысушылардың бірі, Үштөбе қаласының «Көкдала» шағынауданының тұрғыны Нұрдана Қайнарова.
Ауданда мұндай экологиялық шаралар игі дәстүрге айналған. Аудан әкімдігінің мәліметінше, сенбіліктер тұрақты түрде әр бейсенбі және сенбі күндері өткізіліп, оған қатысатын белсенді тұрғындардың қатары барған сайын артып келеді. Акцияға мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар, қоғам белсенділері мен жергілікті тұрғындар қатысып, туған өлкені таза әрі жайлы ету жолында бірлесіп еңбек етуде.
Атап өтспек, «Таза Қазақстан» бағдарламасы елді мекендерді абаттандырумен ғана шектелмейді. Оның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдысын орнықтыру және азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыру.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.





























