Жетісу өңірінде газдандыру жұмыстары қарқын алып, ауыл тұрғындарына заманауи мүмкіндіктер жасалуда. Республика күні қарсаңында шекаралық Панфилов ауданының тағы бір ауылына табиғи газ берілді. Жалпы, аудандағы 40 елді мекеннің 26-сы газдандыруға жатады, бұл жалпы елді мекендер санының 65%-ы. Өткен жылы да ауқымды жұмыстар атқарылды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Газ қосылғанының арқасында ауылдағы 500-ге жуық тұрғын енді экологиялық таза әрі үнемді отынды тұтына алады. Бұл тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін едәуір жеңілдетіп, үйлеріне тұрақты жылу берілуіне, өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар бұрынғы қатты отынмен жылытудың машақатынан арылтып, қоршаған ортаға түсетін жүктемені де азайтуға ықпал етеді.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, он елді мекенде — Ават, Ынтымақ, Сұптай, Надек, Ақкент, Керімағаш, Қызылжиде, Сарпылдақ, Ақарал және Жиделі ауылдарында жалпы ұзындығы 108,6 км желі арқылы 6,9 мың тұрғынның үйіне газ жеткізілді. Қазіргі уақытта ауданның тағы 12 елді мекенінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларды жыл соңына дейін газға қосуды аяқтау жоспарланған. Алдағы уақытта 60,7 мың тұрғын газға қол жеткізеді, ал желілердің жалпы ұзындығы 682 км-ге жетеді. Сонымен қатар аудан тұрғындарының өтініштерін ескере отырып, 6 елді мекенге газ тартудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу аяқталды. Тұрпан, Садыр, Диханқайрат ауылдарын газдандыруға қатысты мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Сарыбел, Басқұншы және Көктал-Арасан ауылдарының жобалары мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Аталған елді мекендерде құрылыс-монтаж жұмыстарын 2027 жылы жүргізу жоспарланған.
Осы ауқымды жұмыстың жалғасы ретінде Алтыүй ауылы газдандырылды. Мамандар ұзындығы 9,9-дан 32 шақырымға дейінгі газ жеткізу құбыры мен ауылішілік тарату желілерін төсеп, сондай-ақ заманауи 7 газ реттеу шкаф пунктін орнатты.
Көптен күткен қуанышты оқиғаға қатысты Алтыүй ауылының тұрғыны Гүлнар Иманбекова әсерін жеткізді:
– Ауылымызға табиғи газ келгені біз үшін нағыз мереке, әрі өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтерген үлкен қуаныш. Бұрын қыс мезгілінде көмір мен отын сатып алу, пеш жағып, күл тазалау сияқты бітпейтін шаруалармен әуреленетінбіз. Енді үйіміз жылы, таза, жайлы. Бір жағынан уақытымыз бен қаражатымыз үнемделсе, екіншіден отбасыларымыздың тұрмысы жеңілдеп, жайлы бола түседі. Ауыл тұрғындарының атынан көрсеткен қамқорлығы және осындай маңызды жобаны жедел жүзеге асырғаны үшін облыс және аудан басшылығына шынайы алғысымды білдіремін, — деді ол.
Атап өтсек, шекара маңындағы аудан тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді отынмен қамтамасыз ету жергілікті билік органдарының басым міндеттерінің бірі болып қала береді және бұл жұмыстар облыс басшылығының тұрақты бақылауында.
Бүгінде Жетісу облысында газдандыру деңгейі 67,4 пайызға жетті. Коммуналдық инфрақұрылым 115 елді мекенді қамтып, 468,5 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Сонымен қатар тағы 11 ауылда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотосуреттерді Панфилов ауданының әкімдігі ұсынды



























