Жетісу облысында Республика күні қарсаңында 50-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлады

Республика күні қарсаңында Жетісу облысында 50-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлады. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға Талдықорған қаласында, Кербұлақ және Көксу аудандарында пәтерлер мен жеке тұрғын үйлердің кілттері табысталды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, Талдықорған қаласында 22 отбасы қоныс тойын тойлап, «Құлагер», «Шығыс» шағынаудандарынан, «Жастар-3» тұрғын алабынан және «Береке» коттедж қалашығынан баспана алды. Жалпы, жыл басынан бері облыс орталығында 639 отбасы қолжетімді баспанамен қамтамасыз етілсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1500-ден асады. Айта кетейік, 9 айда Талдықорған қаласында 92,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

– Республика күні қарсаңында отбасымызда қуанышты оқиға болды. Төрт балам бар, баспана күткеніме көп болды. SMS-хабарлама келгенде алғашында тіпті сенбедім. Баршаңызды қоныс тойларыңызбен құттықтаймын, – деп қуанышымен бөлісті қала тұрғыны Ольга Гениевская.

Қоныс тойын тойлағандардың қатарында Көксу ауданының тұрғындары да бар. Оларға Балпық би және Зылиха Тамшыбай ауылдарында орналасқан жеке тұрғын үйлердің кілттері табысталды. Жыл басынан бері Көксу ауданында әлеуметтік осал топтағы 69 азамат баспанамен қамтамасыз етілді.

– Көксу ауданында тұрғын үй кезегіне 2019 жылы тіркелдім. Алты баланы тәрбиелеп отырмын. Облыс әкімінің қолдауымен ауданымызда заманауи үйлер салынып жатыр. Сол үйлердің бірі бізге берілді. Қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Балалар бақытты. Өйткені баспана – әл-ауқаттың басты негізі, – деді Наргиз Қожаназарова.

– Балпық би ауылында тұрамыз. Бүгін отбасымыз жаңа үйдің кілтін алды. Көңілімді қуаныш кернеп тұр. Осы арманымызға жетуімізге көмектескен барша жанға алғыс айтамын. Баршаңызды келе жатқан Республика күнімен құттықтаймын, – деді жерлестеріне Асия Байрамова.

Сарыөзек ауылының тұрғындары да мереке қарсаңында қоныс тойын тойлады. Мұнда апатты деп танылған тұрғын үйлерде тұрған кезекте тұрған 15 азаматқа жаңадан салынған 60 пәтерлі тұрғын үйден пәтер кілттері табысталды. Олардың қатарында Мадина Досан да бар.

– Біздің үйіміз екі жыл бұрын апатты деп танылды. Кезекке сәйкес үш бөлмелі пәтердің кілтін алдым. Жолдасым екеуміз төрт баланы тәрбиелеп отырмыз. Үш қызымыз бен бір ұлымыз бар. Жеке баспанамызға қол жеткізген соң, бұрынғыдан да бақытты бола түстік, – деді ол.

Жалпы, биыл Жетісу облысында 4 600 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотографтар: Олжас Құрмашев. Сондай-ақ фотосуреттерді Кербұлақ және Көксу аудандарының әкімдіктері ұсынды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз