Республика күні қарсаңында Жетісуда жаңа емхана мен дәрігерлік амбулатория ашылып, жаңғыртылған екі аудандық аурухана пайдалануға берілді

Жетісу облысында медициналық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Республика күні қарсаңында Талдықорғанда бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын жаңа қалалық емхана пайдалануға беріліп, күрделі жөндеуден кейін Ақсу және Кербұлақ орталық аудандық ауруханалары ашылды. Ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында Ескелді ауданында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Елтай ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулатория бір ауысымда 25 адамды қабылдауға арналған. Ғимаратта балаларды қабылдау, вакцинациялау, ем-шаралар жүргізу, скринингтен өткізу, стоматологиялық көмек көрсету, күндізгі стационар және басқа да медициналық қызметтерге арналған кабинеттер жабдықталған. Осының арқасында ауыл тұрғындары қажетті медициналық көмекті үйіне жақын жерде, анағұрлым қолайлы жағдайда ала алады.

Жаңа медициналық мекеменің ашылуын жергілікті тұрғындар көптен күткенін айтады. 90 жастағы Әуғали Мырзахметов бұрын медициналық көмек 1959 жылы салынған шағын ғимаратта көрсетілгенін жеткізді.

– Мен өмір бойы осы ауылда тұрдым, жақсы медициналық мекеменің жақын жерде болғанының қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Жаңа амбулаторияның ашылғанына өте қуаныштымыз, өйткені бұл күнді 20 жылдай күттік, бүгінге дейін осы мәселені көтеріп келдік. Бұрын шағын ескі ғимаратқа барып, медициналық көмек алуға тура келетін. Енді ауыл тұрғындары үшін әлдеқайда қолайлы жағдай жасалып отыр. Осындай өзгерістердің Республика күні қарсаңында болып жатқаны ерекше қуантады, – деді ол.

Амбулаторияның ашылуы жас отбасылар үшін де ерекше маңызды. Ауыл тұрғыны Жанаргүл Ермұрат енді болашақ аналар мен балаларға медициналық қызмет көрсету қолайлы бола түсетінін атап өтті.

– Мен үшін, болашақ ана ретінде, жаңа амбулаторияның ашылуы – ерекше қуанышты жайт. Жақында отбасымызда үшінші бала дүниеге келеді. Енді әр дәрігер пациенттерді жеке кабинетте, қолайлы жағдайда қабылдай алады. Бұл болашақ аналарға да, балаларға да, ауылдың барлық тұрғындарына ыңғайлы. Осындай қажетті медициналық нысанның ашылғанына ризамыз, – деді ол.

40 жыл өмірін медицина саласына арнаған Дамира Лятиева да ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Ол еңбек жолында медициналық көмектің қолжетімділігі мен мамандардың жұмыс жағдайының қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді.

– Медицина менің бүкіл өмірім деуге болады. Сондықтан ауылымызда заманауи амбулаторияның ашылып жатқанына шын жүректен қуаныштымын. Медицина қызметкерлері үшін жұмыс істеуге жақсы жағдай жасалуы керек, өйткені пациенттерге көрсетілетін қызмет сапасы көп жағдайда соған байланысты. Ал тұрғындар үшін ең бастысы – дәрігерге уақытында қаралып, қажетті көмек алуы. Жаңа амбулатория халыққа ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, жерлестеріміздің денсаулығын сақтауға ықпал етеді деп ойлаймын, – деді ол.

Соңғы үш жылда Ескелді ауданда 25 әлеуметтік нысан салынды. Оның ішінде 18-і – денсаулық сақтау нысаны.

Атап өтсек, осы күні ауданның тағы бір елді мекені Жалғызағаш ауылында «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында өрт сөндіру бекеті ашылды. Соның арқасында 1230-дан астам адам тұратын Жалғызағаш және Биғаш ауылдары өрттен қорғау шараларымен қамтамасыз етілді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз