Жетісу облысының Көшкентал ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл – өңірде аталған бағдарламамен ашылған 5-ші бекет, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығы Қанат Алтынбековтің айтуынша, шалғай жерлерде жедел әрекет ететін қызметтің болуы аса маңызды. Осыған байланысты ҚР Төтенше жағдай министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының арқасында төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігі артып отыр. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының басты мақсаты – шалғай ауылдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және халыққа дер кезінде көмек көрсету жүйесін жетілдіру.
Жаңа нысан іске қосылған Ақсу ауданы Көшкентал ауылдық округінде 1350-ден астам адам тұрады. Бұған дейін төтенше жағдай орын алғанда арнайы қызметтердің ауылға жетуіне белгілі бір уақыт қажет болатын. Енді жаңа өрт сөндіру бекетінің іске қосылып, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету сапасын арттыруға жағдай жасалып отыр.
Жаңа нысанның ашылуына куә болған Көшкентал ауылының тұрғыны Салтанат Жүнісова бұл бастаманың аса маңызды екенін айтады.
– Біздің ауылдың тұрғындары үшін бұл – үлкен қуаныш. Өрт бола қалған жағдайда алыстан көмек келгенше не болады деп алаңдайтынбыз. Енді өз ауылымызда өрт сөндіру бекетінің болғаны көңілге сенім ұялатады. Балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы үшін де мұндай нысандар керек, – дейді ол.
Еске салсақ, бұған дейін ҚР Төтенше жағдай министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында өткен жылы Ескелді ауданының Ақсын Сара ауылында, Қаратал ауданының Алмалы ауылында, биыл Кәлпе, Көпбірлік ауылдарында ашылған болатын.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті ұсынды.





























