Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендерді абаттандыру жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Текелі қаласында аулаларды көркейту, көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары мен қасбеттерін жөндеу қолға алынған. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Текелі қаласының тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
– Облыста көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары мен қасбеттерін жаңарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Текелі қаласы тұрғындарының өтініші бойынша биыл 15 үйдің шатырына күрделі жөндеу жасалып, 14 көп қабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңартылады. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен қажетті қаражат бөлінді, – деп атап өтті Бейбіт Исабаев.
Облыс әкімі жұмыс сапары барысында «Алатау» шағын ауданындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, мердігер ұйым өкілдерінің есептерін тыңдады.
– Текелі қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің шатырларын ауыстырып жатырмыз. Жоспарланған 15 үйдің 4-еуінде жұмыстар толық аяқталды. Қазіргі таңда тағы 5 үйде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр және ауа райы қолайлы болса, оларды маусым айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Нысандарда 30 жұмысшы еңбек етуде, барлық қажетті арнайы техникамен бар, – деді учаске бастығы Асхат Сабазов.
Өңір басшысы үйлердің сыртқы келбетін жаңарту шараларын одан әрі жалғастыруды тапсырып: «Текеліде ылғалдық көп. Сондықтан қолданған материал шыдамды болуы керек. Бұл ескі үйлердің іргесі берік, енді қасбетін жаңарту жұмыстарын сапалы атқарып, суық түскенше аяқтаңыздар», — деді.
Айта кетейік, Текелі қаласында 2023-2025 жылдар аралығында 21 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры жаңартылып, 8 тұрғын үйдің қасбеті жөнделді. Сонымен қатар өткен жылы Рудничный ауылындағы 14 көппәтерлі тұрғын үйдің шатырына күрделі жөндеу жүргізілді.
Бұл жұмыстарға тұрғындар да оң бағасын беруде.
– Бұл үйде бала кезімнен бері тұрамын. Ескі болғанымен, кезінде сапалы салынған үй, дегенмен қасбеті қатты ескіріп кетті. жаңартылғаннан кейін ескі үйіміздің жаңа өмірі бастағандай. Мердігер ұйым жұмысты өте сапалы атқарды, тұрғындардың пікірлері мен өтініштерін ескерді, нәтижесінде үйіміз өте әдемі болып шықты. Жалпы, тұрғындардың барлығы үйлеріміздің ретке келтіріліп, заманауи келбетке ие болып жатқанына қуанышты, – деді Әуезов көшесіндегі үйдің тұрғыны Татьяна Загуменко.
Тұрғындарға қолайлы өмір сүру орта қалыптастырудағы маңызды бағыттардың бірі – аулаларды абаттандыру. Осы орайда өткен жылы Текелі қаласында 10 аула жөндеуден өткізіліп, 27 балалар ойын және спорт алаңы салынды.
Текелі қаласының халқымен кездесуінде қаланың дамуы туралы сөз қозғаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, жол инфрақұрылымы, газ, су және жылумен қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік саладағы жұмыстарға кеңінен тоқталды. Сонымен қатар қала әкіміне бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, қала әкімі Алмас Әділге шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстарын күшейту, инвесторлар тарту арқылы тоқтап тұрған кәсіпорындардың жұмысын қайта жандандырып, қолданыстағы өндірістердің ауқымын кеңейту тапсырылды. Сондай-ақ Текелі қаласының табиғи-рекреациялық әлеуеті жоғары екенін ескере отырып, туризм саласын дамытуға ерекше назар аудару қажеттігі айтылды.
– Текелі қаласы кезең-кезеңімен дамып келеді. Бұл – барлық тұрғындардың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі ілгерілетуге толық мүмкіндік бар. Ол үшін жұмыстарды жүйелі түрде жоспарлап, олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажет. Жалпы, қала әкімі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында нақты әрі жүйелі шаралар қабылдауы тиіс. Әсіресе туризм саласын жандандыру арқылы қала экономикасының өсімін қамтамасыз ету маңызды, – деді сөзін қорытындылаған Бейбіт Исабаев.
Кездесу соңында қала тұрғындары өңір басшысына өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Тұрғындардың сауалдары негізінен коорекциялық орталыққа жөндеу жүргізу, жеке ісін бастауға грант алу, мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу және басқа да мәселелерге қатысты болды.
Атап өтсек, осы күні Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Сонымен қатар Текелі энергетикалық кешенін жаңғырту және кеңейту жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Сондай-ақ Қонаев көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарының нәтижелерін, Әуезов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту жұмыстарын және Қора өзеніндегі ГЭС-2 құрылысының барысын көрді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев





























