Талдықорғанда 32 отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болды. «Құлагер» шағын ауданынан баспаналы болған қалалықтарды облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтап, халықты тұрғын үймен қамту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
— Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – Президенттің біздің алдымызға қойған басты міндеттерінің бірі. Соның ішінде баспанамен қамтудың, яғни әр отбасының өз шаңырағы болуының маңызы үлкен. Сондықтан біз тұрғын үй құрылысының көлемін жыл сайын арттырып келеміз. Бұл ретте тұрғын үй құрылысының үлкен бөлігі Талдықорған қаласына тиесілі. Соңғы жылдары 9, 10, 11-шағын аудандарда кезектегі азаматтар үшін тұрғын үйлер көптеп салынды. Жалпы, Талдықорғанда өткен жылы 630-дан астам адам үйлі болса, биыл жыл соңына дейін қалада 1400-ге жуық баспана салынады деп жоспарлап отырмыз. Оған қоса әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары қатар жүріп жатыр, — деген өңір әкімі кілт тапсыру рәсіміне көшті.
Жаңа қоныстанушылардың атынан сөз сөйлеген Мархамат Қасенова:
– Тұрғын үй кезегінде 9 жыл тұрдым. Үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырмын. Көп жыл бойы пәтер жалдап, түрлі қиындықтарды бастан өткердік. Енді біздің отбасымыздың да өз баспанасы бар. Бұл – үлкен бақыт. Осы мүмкіндікті пайдаланып, халыққа көрсетіліп жатқан қолдау үшін Президентке алғысымды білдіремін. Осындай қуаныш әр отбасының шаңырағына бұйырсын, – деді ол.
Мұнан соң Бейбіт Исабаев кілтке ие болғандардың пәтерлеріне арнайы барып, оларды жаңа қонысты болуымен құттықтады.
Осы орайда тұрғындар өз пікірлерін білдірді.
– Бүгін — біздің отбасымыз үшін көптен күткен қуанышты күн. Үш бөлмелі жаңа пәтердің кілтін алдық. Қоныс тойымызбен облыс әкімі құттықтап, жылы лебізін білдірді. Бұл біз үшін өте қуанышты әрі әсерлі сәт болды. Жаңа қоныстанушылардың бәрін құттықтаймын. Шаңырақтарыңыздан береке мен бақ кетпесін, – деді Айдана Оспанова.
Осындай пікірге басқа да жаңа пәтер иелері қосылды.
– Бұл күнді мен өте ұзақ күттім. Тағдырдың жазуымен ата-анамның қамқорлығынсыз өстім. Енді өз үйім бар, өз алдыма дербес өмір сүре бастадым. Пәтер өте әдемі, толық әрленіп тапсырылған. Баршаларыңыздың армандарыңыз орындалсын, – деді Азамат Серік.
Атап өтсек, Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірде жалпы көлемі 1,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы уақыт ішінде шамамен 11 мың отбасы қоныс тойын тойлады. Ал биыл тағы тұрғын үй кезегінде тұрған 3 мың азамат өз баспанасына қол жеткізеді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев





























