Жетісу облысы әкімінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Б. Римова атындағы академиялық драма театрының ұйымдастыруымен 25-29 мамыр күндері Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бикен Римова атындағы «BIKEN FEST» IV Халықаралық театр фестивалі өтеді.
Осымен төртінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл ауқымды мәдени шара өңірдің рухани өміріндегі елеулі оқиғаға айналмақ.
Аталмыш өнер додасының басты мақсаты – театр ұжымдары арасындағы шығармашылық байланысты нығайтып, отандық өнерді әлемдік театр кеңістігіне таныту, сондай-ақ қазақ өнерінің көрнекті тұлғасы Бикен Римованың рухани мұрасын дәріптеп, есімін ұлықтау.
Сонымен қатар, фестиваль аясында шығармашылық ұжымдар арасында кәсіби тәжірибе алмасу алаңы қалыптастырылып, жас режиссерлер, актерлер, драматургтер мен суретшілердің жаңа буынын анықтап, оларды қолдауға басымдық беріледі.
Биылғы халықаралық фестивальдің географиясы да ауқымды. Бес күн бойы Жетісу сахнасында отандық және шетелдік танымал ұжымдар өз өнерлерін ортаға салады. Атап айтқанда, фестивальге Түркиядан «Painted bird» театры, Грузиядан Илья Чавчавадзе атындағы Батуми мемлекеттік драма театры және Өзбекстаннан Қашқадария облыстық музыкалық драма театры арнайы келеді.
Сонымен қатар, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған маңдайалды театрлар да бақ сынайды. Олардың қатарында Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры (Ақтау қаласы), Түркістан музыкалық драма театры, Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры (Өскемен қаласы), Алматы қаласынан Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры және Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры бар.
Жетісу жұртшылығы мен қонақтарын жоғары деңгейдегі рухани азық сыйлайтын айтулы мәдени шараның куәсі болуға шақырамыз!





























