Әр сәбидің өмірін сақтау — басты мақсат

2

Жетісу облыстық перинаталдық орталығы жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтап қалуға арналған заманауи реанимациялық жабдықтар жиынтығын алды. Жоба AYALA қайырымдылық қоры тарапынан республикалық «Өмір сыйлайық» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Жетісу облыстық перинаталдық орталығы өңірдегі негізгі медициналық мекемелердің бірі болып табылады және екі қала мен 104 ауылдың, жалпы саны 680 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда жыл сайын шамамен 6 мың босану қабылданады, оның ішінде облыс аудандарынан, сондай-ақ Талдықорған және Текелі қалаларынан келетін ең күрделі жағдайлар бар. Дәл осы орталыққа санитарлық авиация арқылы шұғыл көмекке мұқтаж жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелер жеткізіледі.

«Жетісу облысы құрылғаннан кейін біздің орталық жаңа туған нәрестелердің реанимациясы және қарқынды терапия бөліміндегі жабдық тапшылығына тап болды. Тіпті неонаталдық өлім көрсеткіші бойынша антирейтингтің басында тұрған кезеңдер де болды. Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен жағдай жақсарып келеді. Сонымен қатар, аса қажетті жабдықтарды жедел жеткізіп бергені үшін AYALA қорына зор алғысымызды білдіреміз. Өңірдегі неонаталдық көмекті одан әрі дамытудағы басты басымдығымыз — әрбір сәбидің өмірін сақтау. Көрсетілген қолдаудың арқасында биыл орталығымыздағы медициналық көмектің сапасын едәуір жақсартамыз деп сенеміз», — деді Талдықорған қаласындағы облыстық перинаталдық орталықтың директоры Назгүл Иманғалиева.

Жоба аясында неонаталдық реанимация бөліміне жалпы құны 49,2 млн теңгеден асатын 15 бірлік медициналық техника берілді. Оның ішінде 2 өкпені жасанды желдету аппараты, 2 инкубатор, реанимациялық үстел, пациент мониторы, фототерапия шамдары, сондай-ақ шприцтік және сорғыш сорғылар бар.

«2025 жылдың қыркүйегінде біз Жетісу облысындағы ерте неонаталдық өлімді төмендету бағытындағы алғашқы қадамымызды жасадық — Панфилов аудандық перзентханасының неонаталдық реанимация бөлімін жабдықтадық. Алты айдың ішінде онда ондаған баланың өмірі сақталып, жүздеген нәресте уақтылы фототерапияның арқасында ауыр асқынулардан аман қалды. Біз реанимация бөлімдерін жабдықтаудың медициналық көмектің сапасына жабдық тапсырылған сәттен бастап тікелей әсер ететінін көріп отырмыз. Осы маңызды жобаны қолдаған серіктестерімізге — Mamma Mia мейрамханалар желісіне және жеке демеушіге алғысымызды білдіреміз», — деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушысы әрі президенті Айдан Сүлейменова.

Бұған дейін, 2021–2023 жылдары AYALA қайырымдылық қоры Талдықорған облыстық перинаталдық орталығын феталдық мониторлармен, фототерапия шамдарымен және автоматты гипотермия аппаратымен жабдықтаған болатын.

AYALA қоры «Өмір сыйлайық» жобасын 2007 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Жобаның мақсаты — мемлекеттік перинаталдық орталықтарды шала туған және әлсіз балаларды реанимациялау мен күтіп-баптауға арналған заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету арқылы неонаталдық өлім мен нәрестелер арасындағы мүгедектікті азайту. Осы уақыт ішінде қор Қазақстандағы мемлекеттік перзентханалар мен перинаталдық орталықтарға 1600-ден астам медициналық техника бірлігін тапсырды.

«Соңғы жылдары Қазақстан нәресте және неонаталдық өлім көрсеткішін айтарлықтай төмендетуге қол жеткізді. Егер 2008 жылы нәресте өлімі көрсеткіші 1000 тірі туған балаға шаққанда 20 жағдайды құраса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ол 3,8-ге дейін төмендеді — бұл Орталық Азиядағы ең төмен көрсеткіш. Бүгінде елімізде салмағы 500 грамнан басталатын өте төмен дене салмағымен туған балаларды сәтті күтіп-баптау жүзеге асырылуда. Осындай маңызды бағытта AYALA қоры сияқты қайырымдылық ұйымдарының медициналық мекемелерге өмірлік маңызы бар жабдықтарды уақытылы алуға көмектесуі өте маңызды», — деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас неонатологы Бектұрған Карин.

Гүлжанат НҰРШАНОВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз