Оқушылар арасында ұлттық спортты насихаттауға бағытталған «Мектеп барысы» жобасы биыл да ұйымдастырылып, өз жеңімпазын анықтады. Жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, бұқаралық спортпен тұрақты айналысуға баулуды көздейтін бұл дода ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қазақ күресінің дамуына серпін беруді мақсат етеді.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде ұйымдастырушылар қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық спортты дамыту жолындағы мұндай жобалардың маңыздылығына тоқталды. Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылған турнирге қаламыздағы мектептерден іріктеліп шыққан 22 жас балуан қатысып, «Мектеп барысы» атағы үшін боз кілемде белдесті. Жас спортшылар өзара күш сынасып, әдіс-тәсіл мен шеберлік тұрғысынан мықтыны анықтады. Тартысқа толы өткен бәсеке қорытындысы бойынша №4 орта мектеп-гимназиясының оқушысы Саятұлы Муслим қарсыластарынан басым түсіп, І орынды, ІІ орынды №14 орта мектеп-гимназиясының оқушысы Мырзабек Ерасыл, ІІІ орынды №26 орта мектептің оқушысы Қошаман Асылбек иеленді.





























