Жетісуда 133 мың гектардан астам жер шегірткеге қарсы өңделеді

Жетісу облысында ауыл шаруашылығы алқаптарын шегіртке зиянкестерінен қорғау бағытында фитосанитарлық науқан жалғасып жатыр. Өңірде жалпы көлемі 133 мың гектардан астам жерді өңдеу жоспарланған. Қазіргі таңда фитосанитарлық жұмыстар белсенді кезеңге өтіп, бұл ретте өнімділігі жоғары арнайы техникалар мен заманауи химиялық препараттар қолданылуда, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір үшін үйірлі зиянкестердің екі түрінен қауіп туындауы болжалған: италиялық прус шегірткесі 66 мың гектардан астам аумақта тіркеліп, өңдеу жоспарланған, ал азиялық көшпелі шегірткеден 25 мың гектар жер өңделеді. Ал үйірсіз зиянкестер қоныстанған аумақ көлемі 42,3 мың гектарды құрайды. Олар аса жылдам таралмағанымен ауыл шаруашылығы жануарларының жем-шөбін азайту шығындарын болдырмау үшін оларды жүйелі түрде жойып отыру қажет. Зиянкестердің егіс алқаптарына таралуына жол бермеу мақсатында өңірде өңдеу жұмыстары мамыр айының басында басталды.

Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы филиалының басшысы Бақберген Атантаевтың айтуынша, қазіргі вегетациялық кезеңде зиянкестер белсенділігінің ұзақ жылдарға созылған шарықтау кезеңінен кейінгі циклдік төмендеуі байқалып отыр. Бұл – биологиялық заңдылықтарға сәйкес қалыпты құбылыс.

«Өткен 2025 жылы өңірде шегірткеге қарсы 152 мың гектардан астам жер өңделді. Биылғы маусымда осы түрі бойынша бақылаудағы аумақ көлемінің азайғаны байқалады. Дегенмен қырағылықты әлсіретуге немесе босаңсуға болмайлы. Мамыр айының басынан бастап арнайы техника мен жасақтар облыстың барлық аудандарында жұмысқа кірісті. Жалпы бұл жұмыстарға арнайы ұшақтардың 6 экипажы тартылады. Сонымен қатар жергілікті жерлерде күрделі жер бедері жағдайында жұмыс істей алатын 24 кең ауқымды тракторлы бүріккіш пен 73 автокөлік тәулік бойы жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ қолданылатын химиялық препараттардың сапалық сипаттарына ерекше көңіл бөлініп отыр», – деп Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы филиалының басшысы Бақберген Атантаев қазіргі жағдайға түсініктеме берді.

Жалпы Жетісу облысында шегіртке зиянкестеріне қарсы 133,4 мың гектар жер өңделеді.

Атап өтсек, ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғауға бағытталған фитосанитарлық науқан ауа райы жағдайларын, зиянкестердің даму кезеңдерін және өңірдің әр ауданы мен қаласының ерекшеліктерін ескере отырып, тұрақты бақылауда.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Фотограф: Қанат Өмірәлинов

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз