Жетісуда жастардың басын қосатын «STUDENT HUB ZHETISU» әлеуметтік жобасы басталды

2

Жетісу облысында студент жастардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға және олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған «STUDENT HUB ZHETISU» жаңа әлеуметтік жобасы ресми түрде іске қосылды.

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранты аясында және облыстық Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен қолға алынған бұл бастаманы «Өрендер» академиясы қоғамдық бірлестігі жүзеге асыруда.

Ауқымды жоба  өңірдегі  8 аудан мен 2 қаланы қамти отырып, 1 жоғары оқу орны мен кемінде 22 колледждің студенттік ұйымдарын бір арнаға тоғыстыруды көздейді. Бастама аясында жеті ай ішінде кемінде 1000 студентті жүйелі дамыту шараларына тартып, олардың басқарушылық белсенділігі мен институционалдық қатысуын күшейту жоспарланған.

Жобаның басты ерекшелігі – өңірде студенттік өзін-өзі басқарудың бірыңғай өңірлік моделін, цифрлық мониторинг және рейтингтік бағалау жүйесін енгізуінде болып отыр. Осы мақсатта Талдықорған қаласында студенттік кеңестерге консультативтік, ұйымдастырушылық және әдістемелік көмек көрсететін «STUDENT HUB ZHETISU» облыстық қолдау орталығы ашылады.

Одан бөлек, арнайы іске қосылатын цифрлық платформа арқылы студенттік кеңестердің бірыңғай базасы жасақталып, «Student Activity Index» рейтингтік жүйесі, ай сайынғы мониторинг және жобалар банкі мен шағын гранттар модулі жұмыс істейді. Бұл жүйе студенттік ұйымдар жұмысының ашықтығын арттырып, олардың тиімділігін нақты көрсеткіштермен бағалауға жол ашады.

Бастама аясында жастардың әлеуметтік, волонтерлік, құқықтық және көшбасшылық бағыттағы идеяларын қолдау мақсатында кемінде 30 шағын жобаға әдістемелік әрі менторлық сүйемелдеу көрсетілмек. Сонымен қатар, студенттердің сыни ойлау, шешендік өнер, жобалық басқару және командалық жұмыс дағдыларын шыңдау үшін өңір көлемінде интеллектуалдық турнирлер, дебат лигалары, цифрлық кейс чемпионаттары, азаматтық квест-марафондар мен TED форматындағы байқаулар сериясы ұйымдастырылады.

Жоба аясындағы ең ауқымды шаралардың қатарында белсенді жастардың басын қосып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін «Student leader camp zhetisu – 2026» өңірлік көшбасшылық лагері мен студенттік ұйымдардың бірлігін паш ететін «Жетісу студенттері – 2026» фестивалі бар. Ал жобаның қорытынды кезеңінде «Student forum & Award zhetisu – 2026» өңірлік форумы өткізіліп, ең үздік студенттік кеңестер мен белсенді жастар арнайы марапатталатын болады.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз