«Әділет» партиясы өңірде көгілдір отынға қолжетімділікті арттырады

2

Бүгін «Әділет» партиясынан Жетісу облыстық мәслихатының кандидаты Анель Капекова, Рустем Досжанов және Талдықорған мәслихат депутаттығына кандидаттар Нұрбек Құдайберген, Гүлниса Тұлымшақова «Басқуат» серіктестігі еңбеккерлерімен кездесті.
Кездесу барысында өңірді дамытудың 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, білім беру сапасын арттыру, адами капиталды дамыту, әлеуметтік қолдау және қаржы жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, инфрақұрылымды жаңғырту, баламалы энергия көзін пайдалану және көгілдір отынға қолжетімділікті арттыру тақырыптары да қаузалды.
Мінберде сөз алған Рустем Досжанов саяси ұйым сайлауалды бағдарламасында елді мекендерді газбен қамтуды кеңейтіп, 2031 жылға қарай газдандыру деңгейін 93,8%-ға дейін жеткізу міндетін қойғанын алға тартты. Айтуынша, осылайша Жетісу өңірі тұрғындары газға қол жеткізген алдыңғы қатардағы облыс болмақ. Сонымен қатар, оның сөзіне сенсек, инфрақұрылымдардың тозу деңгейін төмендетуде де партия белсенді болмақ.
– Партия өңірде электр желілерінің тозуын 78,5%-дан 71,7%-ға, жылу желілерінің тозуын 45%-дан 40%-ға дейін төмендетуді, 21,5 км электр желісін, 20 км жылумен жабдықтау желісін және 197,8 км сумен жабдықтау желісін реконструкциялауды көздейді. Ал, нормативтік жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесін 99%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр, — дейді спикер.
Ал, Анель Сейдуаллиқызының айтуынша, өңір дамуында басты басымдық кәсіпкерлікке берілмек. Партия шағын және орта кәсіпкерлікті жандандыру арқылы тұтас облыстың экономикасын серпінді етпек.
– «Әділет» партиясы шағын және орта бизнесті қолдау шараларын кеңейтіп, жаңа өндірістер ашуға және халық табысын арттыруға жағдай жасайды. 2031 жылға қарай жалпы өңірлік өнімдегі орта бизнестің үлесін 3,3%-дан 4%-ға дейін арттырады. Кәсіпкерлердің 200-ден астам жобасына мемлекеттік қолдау көрсетеді, — деді кандидат.
Кездесуде серіктестік өкілдері мұндай тұщымды жоспардың нәтижесінде өңірдің көсегесі көгеретінін алға тартып, алдағы сайлауда «Әділет» партиясын қолдауға уағдаласты.

Дайындаған: «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Есбай А.Ғ.
Жетісу облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз