Жетісу облысында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымы уақтылы басталып, штаттық режимде өтуде. Соның ішінде 1 703 көпқабатты тұрғын үйге және білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік салалардың 1 321 нысанына жылу энергиясы бекітілген кестеге сәйкес беріліп, жылу жүйелерінде температура режимі сақталуда. Сондай-ақ өңірдегі қоймаларда қазіргі кезде 25,7 мың тонна көмір қоры бар, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметінше, жылыту маусымына дайындық аясында 2 турбина, 15 қазандық, 10 км жылумен жабдықтау, 55,6 км сумен жабдықтау, 585,3 км электр желілері және 187 трансформаторлық қосалқы станциялар жөнделді.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде Талдықорған қаласында 4,5 км жылу желілері жаңғыртылды.
Бұдан басқа, Талдықорған қаласының Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданында қуаты сағатына 49 Гкал болатын қазандық іске қосылды.
Талдықорған және Текелі қалаларында жеке инвестициялар есебінен жалпы қуаты 118 Гкал/сағ. болатын газ турбиналық станциялар кезең-кезеңімен іске қосылуда.
— Жылумен жабдықтаушы кәсіпорындарда 300 мың тонна көмір және 7,3 мың тонна мазут дайындау жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Бюджеттік ұйымдар үшін 15,1 мың тонна көмір және 10,2 млн литр сұйық отын сатып алынды. Жалпы, облыс халқының көмірге жалпы қажеттілігі — 375 мың тонна. Бүгінгі күні «ҚТЖ» ҰК» АҚ деректері бойынша соның 200 мың тоннасы жеткізілді. Қоймаларда қазіргі кезде 25,7 мың тонна көмір қоры
бар. Жылыту маусымының өту барысы тұрақты бақылауда, — деді басқарма басшысы Азамат Бейсбаев.
Сондай-ақ жылыту маусымы басталғалы бері тұрғын үй секторында төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Биылғы жылы халықтың әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлерінде 1 940 улы газ және жану өнімдерінің концентрациясын анықтау датчигі орнатылды, оның ішінде жоспар бойынша 1 736, қосымша көп балалы отбасыларға 204 датчик қойылды. Оған қоса, азаматтық қорғау органдары полиция қызметкерлерімен, жергілікті атқарушы органдармен және еріктілермен бірлесіп әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың үйлерін аралап, 12 мыңнан астам азаматқа түсіндірме нұсқаулық берілді, 94 пеш тазартылып, жөнделді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің фотоархивінен алынды





























