Жетісуда жаңа балық шаруашылығы кешені іске қосылады

Жетісу облысында балық шаруашылығы кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобаға жеке инвестор 1 млрд. теңгеге жуық инвестиция салуда. Ескелді ауданына барған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев аталған нысанның құрылысымен танысты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Шаруашылық директоры Руслан Сафаргалиев өңір басшысына жобаның іске асыру барысы туралы баяндап берді. Оның айтуынша, шаруашылық балықтың бағалы түрлерін жасанды өсірумен айналысады. Мұнда толық өндірістік–инкубациялық цикл атқарылады, яғни уылдырықтан немесе шабақтан бастап дайын тауар түріндегі балыққа дейін өсіріліп шығарылады.    Нысанның құрылысы өткен жылдан басталған, биыл күзде аяқталады деп жоспарланып отыр.

— Уылдырықты арнайы Польшадан әкелдік. Шаруашылықта уылдырықтан бастап өзіміз өсіріп дайын балықты тауар түрінде ұсынамыз. Мұнан соң консервілеумен де, қақтаумен де айналысатын боламыз. Бір сөзбен айтқанда, барлық өндірістік процесті өзіміз атқарамыз. Қазіргі кезде бір ғимаратты салып, іске қостық, мұнда біркелкі температурада ханбалық уылдырықтарынан шабақ өсіріліп отыр. Мұндағы 1 млн 200 мың дана шабақ күзге қарай тауарлы салмағын жинап үлгереді. Жуырда басқа да ғимараттарды салып, тұқы мен бекіре тұқымдас балықтарды өсіруге кірісеміз, — деді Р.Сафаргалиев.

Аталған  шаруашылықта балыққа арналған 93 бассейн, сол сияқты 63 сотық жерде тоған жасалады. Мұнда жылына 80 тоннадан 1 мың тоннаға дейін өнім шығарылады деп күтілуде. Дайын өнімді алдымен облыс көлемінде, кейін елдің басқа өңірлеріне де шығару жоспарланған.

Шаруашылықта қазір он екі адам жұмысқа қабылданған, соның 3-еуі ихтиолог, 2-еуі технолог маман. Нысан толық іске қосылғанда жұмыспен қамтылғандар саны 30-ға жетеді. Солардың бірі Диас Русланұлы әкесіне шаруашылықта қолғабыс ету үшін ихтиолог мамандығына оқып келген.

— Балық шаруашылығында жұмыс істеуді мақсат етіп, осы мамандықта арнайы оқыдым. Мұнда қазір судың тазалығын, температурасын, кислородын бақылаймыз. Одан бөлек балықтың азықтық коэфицентін қадағалап, күнделікті жем береміз, — деді Д. Русланұлы.  

Жалпы Жетісу облысында 20-дан астам балық өсіретін шаруашылық  жұмыс істейді. Бұл шаруашылықтар өткен жылы жалпы көлемі 700 тоннадан астам өнім шығарған.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.   

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз