Бүгін Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы академиялық драма театрында Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысы тақырыбында «Соғыстың сұрқы әйелге жат» атты реквием қойылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Белорус жазушысы Светлана Алексиевичтің бұл реквиемі соғыс даласында Отан үшін отқа түскен қыз-келіншектердің сан-қилы тағдырын, арман-мақсатының, күн сүйген келбетінің «күлге айналғанын» ашып көрсетеді. Сахнада әйел бейнесі нәзіктіктің нышаны болумен қатар қайсар рухтың символына айналады.
Қою жарық пен қараңғылықтың алмасуы, мизансценалардың дәл құрылуы сахналық динамиканы күшейте түскен.
Оқиға желісінің тартымды, сюжеті қызықты болғаны сонша жиналған көпшілік қойылымды бір деммен тамашалады. Спектакль соғыстың тек әйелдерге ғана емес, күллі ғаламға жат екендігі жайлы түйін жасайды.
Атап өтсек, қойылымның қоюшы-режиссері талантты режиссер әрі актер Баатырбек Шамбетов. С. Алексиевичтің еңбегі әлем әдебиетінде зор бағаланып, 2015 жылы Нобель сыйлығына лайық деп танылған болатын.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фототілші: Жұмабай Мұсабеков




























