Құрметті Талдықорған қаласының тұрғындары мен қала қонақтары!
Баршаңызды 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн адамзат тарихына өшпес сыз қалдырған, майдан даласында жанқиярлықпен шайқасқан, тылда жанкешті еңбек еткен жандарға ерекше құрмет көрсетіп, соғыстан қайтпай қалған майдангерлерді еске алатын күн. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы айтқандай, соғыс қасірет пен қайғыны еске түсірумен бірге, қан майдандағы шайқастар мен ерен ерліктердің де естелігі. Бұл – Жеңіс жаңғырығы! Сұрапыл жылдардың естеліктері жадымыздан өшкен жоқ, қайта жыл өткен сайын ұрпақтан ұрпаққа, жүректен жүрекке жетіп, жаңғыра түсуде.
Құрметті ардагерлер!
Осы мерейлі мерекеде барлық ізгі тілектер өздеріңізге арналады. Сіздердің арқаларыңызда қол жеткізген «Жеңіс» кешегі күннің ғана емес, болашақтың да жеңісі. Бейбіт өміріміз үшін, бұлтсыз аспанымыз үшін Сіздердің алдарыңызда тағзым етіп, басымызды иеміз!
Құрметті Отандастар!
Халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратының ерен үлгісі болған Жеңістің 81 жылдығы тағы да құтты болсын! Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарыңызға шаттық пен бақыт тілеймін! Жеңістің туы желбіреп, еліміздің абыройы арта берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Ернат БӘЗІЛ,
Талдықорған қаласының əкімі





























