Өңірдегі құрылыс сапасы мен мерзімі тұрақты бақылауда. Жұмыс сапары аясында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің құрылысы барысын тексерді. Сондай-ақ көгалдандыру мен жайлы қалалық орта қалыптастыру мәселелерін де назардан тыс қалдырған жоқ, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен өңір басшысы «Жастар» саябағына барып, аумағы 30 гектар жердегі автоматты суару жүйесін орнату жұмыстарының барысымен танысты. Мұндағы желілердің жалпы ұзындығы 21 шақырымнан асады, оның шамамен 16 шақырымы төселіп үлгерген. Жүйенің үздіксіз жұмыс істеуі үшін әрқайсысының сыйымдылығы 200 текше метр болатын екі резервуар орнатылмақ. Жұмыстар кестеде көрсетілген мерзімнен озық қарқынмен жүргізілуде.
Учаске бастығы Асхат Сабазовтың айтуынша, нысандағы жұмысқа 25 адам, 9 техника тартылған. Наурыз айында басталған құрылысты маусым айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жұмыс барысын арнайы тексерген Бейбіт Исабаев көгалдандыру сапасына ерекше назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар саябақтың әр жерінде орындықтар мен қоқыс жәшіктерін сырлау, зақымданған төсеніш плиталарды ауыстыру қажеттігін атап өтті.
Медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында Талдықорған қаласында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын жаңа емхананың құрылысы жалғасуда. Өткен жылдың қараша айында басталған құрылыс жұмыстарын тамыз айында аяқтау жоспарланған.
– Қазіргі таңда нысанда шамамен жүз елуге жуық адам еңбек етуде. Бүгінгі күні әрлеу жұмыстары атқарылып жатыр, қасбеттер қапталып, витраж әйнектелуде. Ғимарат ішінде инженерлік желілерді монтаждау қарқынды жүріп жатыр, электр және сантехника жұмыстары аяқталған. Нысанның жалпы дайындығы жетпіс пайыздан асты. Жақын арада іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары басталады. Құрылыс толық аяқталғаннан кейін заманауи медициналық құрал-жабдықтар орнатылады, – деді жоба жетекшісі Мейрам Демеуов.
Өңір басшысының айтуынша, жаңа емхана қолданыстағы қалалық емханалардың жүктемесін азайтып, жалпы халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға ықпал етпек.
Сонымен қатар Талдықорған қаласында тағы бір әлеуметтік нысан – 300 орындық «Білім-инновация» лицей-интернатының жаңа оқу корпусының құрылысы жүріп жатыр. Аумағы 2 гектар болатын учаскеде заманауи үш қабатты ғимарат бой көтеруде. Бұдан бөлек, жоба аясында сыртқы жылу желілерін қайта жаңғырту қарастырылған. Қазіргі таңда нысанның шамамен 55% дайын. Жаңа корпусты биылғы жылдың қазан айының басына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Аралау барысында Бейбіт Исабаев «Бірлік» шағын ауданында салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы барысын тексерді. Бірнеше көп қабатты тұрғын үйде 170 пәтер болады. Бірқатар кемшіліктерді атап өткен өңір басшысы барлық ескертулерді қысқа мерзімде түзеуді тапсырды, осылайша болашақ қоныс иелері жаңа пәтерлеріне жақын арада кіретін болады.
Сонымен қатар «Ынтымақ» тұрғын алабында да тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жалпы аумағы 1,8 гектардан асатын құрылыс алаңында 200 пәтерге арналған бес қабатты бес үй салынып жатыр. Оның ішінде 100 екі бөлмелі, 50 бір бөлмелі және үш бөлмелі пәтер қарастырылған.
– Қазіргі кезеңде нысанда монолитті жұмыстар жүргізілуіп, кірпіштері қалануда, сондай-ақ сыртқы және ішкі инженерлік желілерді тарту жалғасып жатыр. Құрылысқа 130 адам жұмылдырылған. Жұмыстар өткен жылдың қыркүйегінде басталып, белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде, – деді учаске бастығы Жаннат Шабанов.
Жұмыс сапарын қорытындылай келе, облыс әкімі Бейбіт Исабаев мердігер ұйымдардың өкілдері мен қала әкіміне бірқатар нақты тапсырмалар беріп, құрылыс сапасы мен мерзімі тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев



























