Талдықорғанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай облыс әкімінің «Көшбасшы-2021» жастар сыйлығын тапсыру салтанаты өтті. Белсенді жастарға арналған бұл сыйлық осымен 19-шы рет беріліп отыр. Марапаттау рәсімін Алматы  облысы әкімінің орынбасары Б.Байжұманов атқарды.

Батыржан Құлаймергенұлы алдымен  жиналғандарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, қоғам дамуындағы жастардың рөлі ерекше екенін атап өтті:

— Жетісу жерінің жалынды, белсенді жастарын, жас көшбасшыларын шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға белгілі, былтыр Еріктілер жылы аталып өтті. Біздің облысымыздың еріктілері пандемия кезінде белсенді жұмыс атқарды. Өңірде «Мейірімді Жетісу» еріктілер фронт-кеңсесініңжұмысы қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы облыста 1043 ерікті болса, бүгінде олардың саны сегіз есеге өсіп, 8300-ге жетті. Осы жас еріктілердің қатысуымен облыста 5000 қайырымдылық акциясы мен іс-шара өткізілді. 3800 жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасы мен жалғызбасты аналарға, жалпы 38000 отбасына әлеуметтік көмек көрсетіліп, 92 отбасы тұрғын үйге ие болды, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі  Болат Тілепов сөз алып, дарынды, талантты жастары бар елдің келешегі кемел екенін, жастарын қолдаған елдің болашағы жарқын болатынын атап өтті.

Сонымен, үздік көшбасшыларға диплом және 250 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Жүлдегерлерді атап өтер болсақ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Мержан Төлегенов «Үздік жас мемлекеттік қызметші» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. «Үздік жас ұстаз» номинациясы Кербұлақ ауданы, Шилісу негізгі мектебінің география пәнінің мұғалімі Кәрімжан Әлішерге бұйырды. «Үздік жас ғалым» аталымын академиялық мобильдік бағдарламасы бойынша Будапешт қаласындағы «Корвинус» университінде білім алған, Стамбул қаласындағы «Фатих» университетінде ғылыми тәжірибеден өткен заң ғылымдарының магистрі Ахмет Ғалымжан иеленді. «Көксу жастары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ақжан Мұсахметов «Жастар үкіметтік емес ұйымының үздік көшбасшысы» аталымының жеңімпазы болды. Биылғы жылдың «Үздік студенті» болып Талдықорған қаласы агротехникалық колледжінің білімгері Дария Ілияс танылды.

Сондай-ақ, «Үздік жас әскери қызметші» аталымымен 40398 әскери бөлімі командирінің орынбасары, аға лейтенант Мурод Махаметов, «Үздік жас спортшы» номинациясымен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ильфат Абдуллин, «Үздік жас батыр» аталымы бойынша Текелі қалалық полиция бөлімі, жол-патрульдік полиция тобының лейтенанты Бауыржан Қабидолланов, «Жасыл ел» жасағының үздік сарбазы»  номинациясымен  Мадина Шақабаева марапатталды.

Мұнан бөлек, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Асыл Сұлтанғазы «Үздік жас әдебиетші» аталымы бойынша жеңімпаз болса, «Жетісу» телеарнасының тілшісі Кәмшат Мұхамеджан «Үздік жас журналист» номинацияның иегері атанды.

Салтанатты шара жастарға арналған ән-шашумен жалғасын тапты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK