«Кітап оқитын ұлт»: Жетісуда кітап дүкені оқырман марафонының алаңына айналды

«Кітап оқитын ұлт» жобасы кітап оқуды насихаттап, әдебиетке деген қызығушылықты арттырумен қатар, тұрақты оқу дағдысын қалыптастыруға да ықпал етуде. Жетісу облысындағы жас кәсіпкердің бастамасы – осы идеяның өмірде нақты іске асып жатқанының айқын көрінісі. Айта кетейік, бүгінде өңірде оқырман марафонына 79 мыңға жуық тұрғын қатысуда, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сая Болатқызы кітапты сатып қана қоймай, әр кітаптың өз оқырманын табуына мүмкіндік беретін, сол сияқты әдебиетке деген сүйіспеншілікті күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыратын ерекше кеңістік қалыптастырған. Кітап оқуға деген қызығушылықтан басталған нәрсе уақыт өте келе жеке кәсіпке ұласты. Осылайша Талдықорғанда ерекше атмосферасымен көз тартатын шағын әрі жайлы кітап дүкені ашылды. Оның интерьеріндегі әсем бөлшектердің барлығы Саяның өз қолымен жасалған. Мұнда тіпті ұсақ-түйекке дейін: крафт қағаздан жасалған пакеттер, сатып алынған кітаптарды байлайтын атлас ленталар, сыйлыққа берілетін бетбелгілерге дейін ерекше мән берілген. Дүкенде кітапқа ерекше ықыласпен қарайды. Оны ең қымбат, баға жетпес сыйлықтай аялап ұстайды.

– Мамандығым – биолог. Талдықорғандағы жекеменшік мектептердің бірінде ұстаздық қызметте жақсы жұмыс істедім. Дегенмен, көптен бері өзімнің кітап дүкенімді ашуды армандайтынмын. Бұл ойымды жолдасым Айбар, туған-туыстарым мен жақындарым қолдады. Сөйтіп, алғашында сөреге небәрі алты кітап қоюдан басталған ісім бүгінде шағын болса да, өзімнің жеке кітап дүкенімді ашуға ұласты. Кітап оқығанда жаным тынығады. Сондықтан дүкеніме келген адамдар өздерін жайлы сезінетіндей, ал кітаптар бүкіл кеңістікті толтырып тұратындай ерекше атмосфера қалыптастырғым келді. Яғни кітаптар тек сөрелерде ғана тұрмай, интерьердің де бір бөлігіне айналса дедім. Ойым жүзеге асты деп үміттенемін, – дейді Сая.

Дүкен иесінің айтуынша, «Кітап оқитын ұлт» жобасы басталғалы бері кітап дүкеніне келушілер саны да артқан.

– «Кітап оқитын ұлт» марафоны басталғалы дүкенімнің тұтынушылары көбейді деп сенімді түрде айта аламын. Мұнда ата-аналар марафонға қатысатын балаларына кітап алуға келеді. Олар жоба аясында оқуға ұсынылған кітаптардың тізімін алып келеді, сол бойынша қажетті әдебиеттерді жинақтап береміз. Сонымен қатар дүкеніміздің жанынан құрылған оқырман клубы жұмыс істейді. Онда бірге кітап оқып, марафон аясындағы шығармаларды талқылаймыз. Яғни жастарды жобаға барынша тартуға тырысамыз. Өйткені мұның бәрі олардың кітап оқуға деген талғамын қалыптастыруға көмектеседі. Оқырмандарымыздың басым бөлігі жастар болғаны қуантады. Олар келушілердің жалпы санының шамамен 60 пайызын құрап отыр, – дейді жас кәсіпкер.

Саяның кәсібін дамытуына әлеуметтік желілердегі пікірлес жандар да көмектескен. Солардың арқасында ол кітап жеткізушілермен байланыс орнатып, тұрақты жеткізілімді жолға қойған. Жас кәсіпкер аптасына екі-үш рет кітап қорын толықтырып отырады. Негізінен Алматы қаласынан тікелей жеткізушілер арқылы тапсырыс береді. Ресей баспаларымен де жұмыс істейді.

– Болашақта кітап шығарумен айналысқым келеді. Әзірге оған дейін әлі біраз уақыт бар, дегенмен армандай білу керек. Өйткені сүйікті жазушыларымның бірі Шарлотта Бронтенің шығармасындағы кейіпкер айтқандай: «Адам тыныш өмірге қанағаттануы керек деген пікір бекершілік. Оған белсенді өмір қажет, ал ондай өмірді тағдыры сыйламаса, адам оны өзі қалыптастырады». Егер осы ұстанымды басшылыққа алмасам, кітап дүкенін ашу арман күйінде орындалмай қалар еді. Әрине, бұл арманымның жүзеге асуына сенім білдіріп, жан-жақты қолдау көрсеткен отбасымa алғысым шексіз, – дейді Сая Болатқызы.

Шарлотта Бронтеден бөлек, оның сүйікті авторларының қатарында Шерхан Мұртаза, Дулат Исабеков, Халед Хоссейни, Алекс Михаэлидес, Эрих Мария Ремарк және тағы басқалары бар. Бұл авторлардың шығармаларын дүкен сөрелерінен де кездестіруге болады. Дегенмен кітап таңдауда келушілердің талғамы мен сұранысы да ескеріледі.

– Аға буын өкілдері көбіне классикалық шығармалар мен тарихи әдебиетке қызығушылық танытады. Ал жастар заманауи әдебиетті, фэнтези мен детектив жанрларын көбірек таңдайды. Қазақ әдебиетінің классиктеріне де ерекше көңіл бөлеміз. Қазір дүкенімізде түрлі жанрдағы екі мыңға жуық кітап бар. Бағаны негізсіз көтермеуге тырысамыз. Өйткені кітаптың бүгінде арзан емес екенін жақсы түсінемін. Жаз бойы қала жағажайында апта сайын ұйымдастырылған фестивальдерге тұрақты қатыстым. Сол жерде қала тұрғындары мен қонақтары дүкенімізбен алғаш рет танысты, олар кейін біздің тұрақты тұтынушыларымызға айналды, – дейді кітап жанашыры.

Кітап оқуға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру туралы сөз қозғағанда, Сая оның бәрі отбасынан басталатынын айтады.

– Біздің отбасымызда бәрі кітап оқығанды жақсы көреді. Ал екі жастағы ұлым Дияр өзіне ертегілер мен басқа да балаларға арналған кітаптарды оқып бергенімізді ерекше ұнатады. Тіпті оның кітаптары менікінен де көп, – деп күледі Сая. – Қазір ешкім кітап оқымайды, бәрі гаджетке әуес дейтіндер – өздері кітап оқымайтын адамдар. Өйткені кітап оқитын адамның айналасында әрдайым өзіне ұқсас кітапсүйер жандар болады, – дейді ол.

Дүкеннің ерекшеліктерінің бірі – кітаптан жасалған гүл шоқтары мен қалың қағазға оралып, әдемі безендірілген «құпия кітаптар». Оларға дүкенде арнайы бірнеше сөре арналған. Мұндай кітаптардың әрқайсысына шағын жазба қоса беріледі. Онда оқырман шығарманы оқып болған соң қандай сезімге бөленетіні сипатталады. Бірақ кітаптың атауы мен авторы көрсетілмейді. Кейде тіпті ешқандай жазба да болмайды. Оқырман кітапты сыртқы безендірілуіне немесе ішкі түйсігіне сүйеніп таңдайды.

Шын мәнінде, «құпия кітап» идеясының астарында дүкен иесінің бүкіл жұмысынан аңғарылатын басты ұстаным жатыр: кітап адамға тарту етуге болатын ең құнды, қажет әрі қызықты сыйлықтардың бірі болуға тиіс.

Сая Болатқызының жетістігі – кітап оқуға деген құштарлықтың көпті біріктіретін кәсіпке ұласуының шағын да болса, тағылымды үлгісі. Жақында басталған «Кітап оқитын ұлт» жобасы кітапты әр адамға жақындата түсуді көздейді. Ал @saybooks.kz кітап дүкені сияқты бастамалар, өз ісіне берілген жандар мен әрбір оқылған кітап ортақ әрі маңызды мақсатқа жетуге өз үлесін қосатыны анық.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Фотосуреттерді Сая Болатқызы ұсынды, сондай-ақ Vestnik.kz алынды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз