Жетісу облысына – 4 жыл: ет өндірісі 11,6%, сүт — 5,8%, жұмыртқа өндірісі 7,7% өсті

Жетісу облысы құрылғаннан бері 4 жыл ішінде ет өндірісі 11,6%, сүт өндірісі 5,8%, жұмыртқа өндірісі 7,7% өсті. Бұл ретте өңірде мал шаруашылығымен 3 мыңнан астам шаруашылық айналысса, соның 1 мыңға жуығы асыл тұқымды мал басын ұстайды, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінгі күні өңірде мал саны 2,6 млн. басқа жуықтады, оның 541 мың басы — ірі қара, 1,7 миллионы — ұсақ мал, 228 мың бастан астамы — жылқы, түйе – 2,3 мың бас.

— Биыл мал басының өсімін 9,3% жеткізіп, 120,9 мың тонна ет, 231,9 мың тонна сүт, 350 млн. дана жұмыртқа өндіру жоспарланып отыр. Осы мақсатта  жыл басынан бері жалпы қуаттылығы 29,3 мың басқа арналған 72 бордақылау алаңында 19,7 мың бас ірі қара бордақыланып, тірі салмақта 23,4 мың тонна ет өндірілді, — деп атап өтті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Мәселен, асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтың бірі – Ақсу ауданындағы «Құралай» шаруа қожалығы. Шаруашылық жетекшісі Болат Көлдейбаевтың айтуынша, әкесі негізін қалаған шаруашылықтың құрылғанына отыз жыл болған.

– Біздің шаруашылық 1996 жылы құрылған, сол кезде бар болғаны 150 бас қой болған. Бүгінде мал басы 2700-ге жетті. Біз малды өсіріп, көбейту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеміз, мемлекеттік қолдау шараларын белсенді пайдаланамыз. Бұрын біз ақбас қой өсірдік, алайда олар күтім жағдайларына талапшыл келеді. Ал қазақтың қылшық жүнді құйрықты қой тұқымы әлдеқайда төзімді: жайылым жағдайына да, қыстап шығуға да жақсы бейімделген, төлінің сақталуы жоғары және шамамен 5 келіге дейін артық ет береді. Сондықтан уақыт өте келе қазақтың қылшық жүнді құйрықты қой тұқымын басымдық бердік.  Биыл төлдеу кезеңінде жақсы көрсеткішке қол жеткіздік – яғни бір қойдан бір қозы алдық. Осылайша мал басын одан әрі арттыруды мақсат етіп отырмыз, – деді ол.

Бүгінде шаруашылық ақбас қойдың бір отарын, жаңа тұқымның бес отарын өсіріп отыр. Мұнда екі бордақылау алаңы бар. Ет өнімі Алматы қаласында сатылады. Жүнге де сұраныс жоғары. Жаз мезгілінде мал Жоңғар Алатауы өңіріндегі жайлауға айдалады. Шаруашылықта алты отбасы жұмыспен қамтылған.

Қой шаруашылығымен қатар шаруа қожалығы сүт бағытында да жұмыс жүргізуде, қазіргі таңда шамамен 100 бас ірі қара мал ұсталады. Жер қоры 7 мың гектарға жуық, оның ішінде суармалы, тәлімі және жайылымдық алқаптар бар. Жыл сайын 500 гектар аумақта мал азығы дайындалады.

Осы жылдар ішінде шаруашылықтың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайған, техника саны бір трактордан сегіз тракторға дейін ұлғайды, сол сияқты мал азығын дайындауға және дәнді дақылдарды жинауға арналған комбайндары бар. Техниканы лизинг бағдарламалары арқылы да сатып алуда.

Үш жыл бұрын шаруашылықта тәлімбақтың негізі қаланып, 30 мың түп қарағай отырғызылды, су жүйесі тартылды. Алдағы уақытта фермер су үнемдеу технологияларына көшуді жоспарлап отырғанын да жеткізді. Қысқаша айтқанда, шаруашылық тек мал шаруашылығын ғана емес, сонымен қатар егін шаруашылығын да одан әрі дамытуға мүдделі.

Сондай-ақ Жансүгіров ауылында орналасқан, өткен жылы құрылған «Nat Agro» ЖШС ет бағытындағы ірі қара малды сұрыптау және бордақылауға маманданған. Шамамен 10 гектар аумақты алып жатқан бордақылау алаңында бүгінде 400-ге жуық ірі қара мал ұсталады. Оның ішінде қазақтың ақбас, әулиекөл, симментал және ангус тұқымдары бар. Мұнда мал өсірудің тиімді  австралиялық технологиясы қолданылады.

Шаруашылық жем-шөппен толық қамтамасыз етілген: жүгері егуге 45 гектар жер бөлінген, мың тоннаға дейін сүрлем және екі мың тоннаға жуық жоңышқа дайындалған.

– Мал азығының рационына аса мұқият қараймыз, күн сайын арпа, бидай, жүгері, тұз және басқа да құрамдас бөліктерден азық қоспасы дайындалады. Мал азығы арнайы таратқыштар арқылы күніне екі рет беріледі. Қазіргі таңда біз ангус пен қазақтың ақбас тұқымдарын өткізуге дайындап жатырмыз, сондықтан олардың рационына күн сайын 8 келіге дейін жем қосылады. Симментал және әулиекөл тұқымдарын тамыз айына дайындап, оларға 6 келіге дейін азық береміз, ал қалған мал басына шамамен 5 келіден беріледі, – деді шаруашылықтың ветеринар мамары Мұрат Келгенбаев.

Барлық жұмыстар ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкес жүргізіледі. Шаруашылыққа әкелінген мал міндетті түрде карантиннен өтіп, вакцинация жасалады.

Қызметкерлер үшін барлық қолайлы жағдай жасалған: аумақта тұрғын үй, тұрмыстық бөлмелер, душ, монша, гараждар, сондай-ақ вакцинация мен карантинге арналған арнайы алаңдар бар.

Дайын өнім Талдықорған қаласының сауда нүктелері мен супермаркеттерінде сатылады. Кәсіпорынның алдағы жоспары — мал басын 2 мыңға дейін арттыру, 1,5 мың тонна ет өндіру және өз ет комбинатын салу.

Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Есжановтың айтуынша, өңірде мал шаруашылығына мемлекеттік қолдау шаралары белсенді түрде көрсетіліп отыр. Соның нәтижесінде селекциялық жұмыстардың деңгейі 27–30%-ға жеткен. Барлық шаруашылықтар жем-шөп базасымен толық қамтамасыз етілген, маусымдық жайылымдар кеңінен пайдаланылады. Шағын шаруашылықтарды мемлекеттік қолдау «Береке» және «Игілік» бағдарламалары арқылы жүзеге асырылуда, бұл бағдарламалар жылдық 5–6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беруді қарастырады. Ауданда биыл төл алу науқаны кезеңінде шамамен 36 мың бас ірі қара, 167 мың қой мен ешкі, сондай-ақ мыңға жуық жылқы алу жоспарланған.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Қанат Өмірәлинов

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз