Отан қорғаушылар күні қарсаңында Жетісу облысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Жас сарбаз барысы» атты республикалық турнир ұйымдастырылды.
Жарыстың ашылу салтанатына Жетісу облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қасымов және республикалық балалар мен жасөспірімдердің «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Мейірбек Мендіғалиев қатысты.
— «Жас сарбаз барысы» турнирі осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Оған еліміздің барлық өңірлерінен 40-тан астам қатысушы қатысуда. Айта кету керек, бұл тек ұлттық жекпе-жек түрінен өтетін турнир ғана емес, бағдарлама аясында Жетісу өңіріне экскурсия, музейге бару және қаланың көрікті жерлерімен танысу да қамтылған. «Келесі жылы бұл турнирді халықаралық деңгейге шығаруды жоспарлап отырмыз және осы бағытта жұмыстар жүргізілуде, — деп атап өтті Мейірбек Меңдіғалиев.
Жарыс қорытындысы бойынша «Жас сарбаз барысы» атағын Павлодар облысынан келген Әли Төлеген жеңіп алды. Екінші орынды Жетісу өңірінің өкілі Мүслім Саятұлы иеленсе, үшінші орын алматылық Сұлтан Тұрдалиға бұйырды. Жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сол сияқты арнайы номинация үздіктеріне де сыйлықтар берілді. Атап айтқанда, «Үздік техника» номинациясында Қарағанды облысының балуаны Әлияр Түсіпов, «Жеңіске деген жігер» номинациясында Ақтөбе облысынан Бақдәулет Оразалы, «Жылдамдық шебері» аталымында Абай облысының өкілі Айсұлтан Әділмұрат, «Көрермен көзайымы» номинациясында Ақмола облысынан Әбілмансұр Қасым үздік деп танылды. «Ерік-жігерлі жас сарбаз» номинациясында Түркістан облысынан Дидар Күлмахан марапатталды. «Үздік әдіс» аталымында Алматы облысының өкілі Әсет Айдынұлы жеңіске жетті. Ал «Темірдей төзімділік» номинациясы Астана қаласынан Нұрахмет Ермұратовқа табысталды. Турнирге қатысқан әрбір қатысушыға «Жас сарбаз» қозғалысы атынан арнайы сыйлықтар мен сертификаттар тапсырылды.
«Жас сарбаз барысы» турнирінің жеңімпазы Әли Төлеген пікірін білдірді:
— Осы жарыстағы қарсыласым мықты болды, яғни шешуші кезеңде мен Жетісу облысының спортшысымен күш сынастым. Турнирдің жеңімпазы болғаныма қуаныштымын. «Жас сарбаз» қозғалысының ұжымына жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіремін, — деді ол.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі ұсынды.




























