Жетісу облысында «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында өңірлік форум өтті

Жетісу облысында «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында тұрғын үй қорын басқару саласындағы реформаларға арналған «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты өңірлік форум өтті. Іс-шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, «AMANAT» партиясының өкілдері, депутаттар, тұрғын үй қатынастары саласының мамандары, мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары қатысты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бейбіт Исабаевтың атап өтуінше, Жетісу облысы құрылған күннен бастап халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

— Қабылданған шаралардың арқасында қысқа мерзім ішінде нақты нәтижелерге қол жеткізілді: халықтың басым бөлігі ауыз сумен қамтылды, газдандыру деңгейі артты, инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылды, тұрғын үй құрылысы жанданды. Сонымен қатар абаттандыру, цифрландыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жұмыстар атқарылып, жалпы халық үшін қолайлы орта қалыптастырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, ал «TURGYNDAR AMANATY» жобасы оны жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, – деді өңір басшысы.

«AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каримова «TURGYNDAR AMANATY» жобасының мәні мен міндеттері туралы кеңінен айтып берді. Оның айтуынша, жоба аясында бірқатар бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары үшін оқыту семинарларын өткізу, әкімдіктермен меморандумдар жасасу, «Таза Қазақстан» акциясы аясында абаттандыру жұмыстарын жүргізу, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын іске асыру, үздік аулаға арналған конкурстар ұйымдастыру және басқа да шаралар қамтылған.

Жобада тек инфрақұрылымды жақсарту мен абаттандыру ғана емес, сонымен қатар коммуналдық төлемдердің ашықтығын қамтамасыз ету мәселесі де басты назарда.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Керімбектің айтуынша, өткен жылдың 15 қыркүйегінен бастап енгізілген тұрғын үйді басқарудың жаңа нормалары туралы халықты хабардар ету мақсатында депутаттар кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ ол тұрғындармен өзара іс-қимыл көп қабатты үйлерді тиімді басқарудың негізгі факторы екенін атап өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатовтың хабарлауынша, өңірде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және абаттандыру бағытында кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізілуде. Жалпы облыста 1715 көп қабатты тұрғын үй бар, оның ішінде 1032-сі кондоминиум нысандарына жатады.

— 2023-2025 жылдары көп қабатты 284 тұрғын үй жаңартылды, оның ішінде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қасбеттері жаңғыртылды.  2026 жылы тағы 148 үйге жөндеу жүргізу жоспарлануда, бұл оң динамиканы сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ соңғы үш жылда 289 аула абаттандырылып, 233 балалар және спорт алаңдары салынды. Биыл тағы 25 ауланы және 17 балалар мен спорт алаңын абаттандыру жоспарланып отыр. Бұл ретте негізгі бағыттардың бірі – азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Мәселен, аталған кезеңде өңірде 10 833 отбасының тұрғын үй жағдайы жақсартылды. Биыл тағы 3 мыңнан астам отбасын баспанамен қамту жоспарланып отыр, – деді Ә. Қанағатов. Сонымен қатар ол қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға, оның ішінде бейнебақылау камераларын орнату, лифтілерді ауыстыру, газдандыру және апатты үйлер мәселесін шешу шараларына кеңінен тоқталды.

Пәтер иелері кооперативтері қауымдастығы төрағасының орынбасары Анар Исаева өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық саладағы реформалар басқарушы компаниялар көрсететін қызметтердің сапасын арттыруға оң әсер етіп қана қоймай, тұрғындардың өз ортасына деген жауапкершілігін күшейтеді. Соның нәтижесінде күш-жігерін біріктіру арқылы қоршаған ортаны одан әрі жайлы, қауіпсіз әрі заманауи бола түседі.

Қатысушылардың пікірінше, форум өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық салаға қатысты өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды диалог алаңына айналды.

Кездесу соңында қатысушыларға Алғыс хаттар табысталып, партия қатарына қабылдау рәсімі өтті.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз