Өңірдің барлық емханаларында ЖРВИ мен тұмаудың алдын алуға бағытталған «Тұмауға қарсы егілейік» акциясы басталды. Акцияға облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли, Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, облыстық денсаулық сақтау және Талдықорған қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының басшылары мен мамандары қатысып, халыққа ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тұмау жұқпасының алдын алудың ең тиімді шарасы – тұрғындарды иммундаумен қамту. Жыл сайын жергілікті бюджеттен иммундауға жататын контингенттерді егуге қаржы бөлінеді. Биылғы 2023-2024ж.ж. эпидемиялық маусымда Жетісу облысына барлығы 80 700 доза жергілікті бюджет есебінен сатылып алынды, ол облыстың жалпы халық санына шаққанда 12% қамтиды. Биылғы эпидемиялық маусымда Жетісу облысының тұрғындарын Ресей Федерациясында өндірілген «Гриппол плюс» тұмауға қарсы вакцинасымен иммундау жүргізіледі. Аталған вакцина республика, соның ішінде облыс бойынша бес жылдан астам уақыт қолданылуда. Тұмауға қарсы вакцинациялау міндетті түрде дәрігердің тексеріп қарап, денсаулық жағдайы бағаланғаннан және екпеге рұқсат берілгеннен кейін арнайы егу кабинетінде жүргізіледі. Айта кетейік, аймақ бойынша тұмауға қарсы ақысыз иммундауға жататын мақсатты топтар — бүлдіршіндер, балалар, мүгедектер, қарттар үйі және мектеп интернатының тәрбиеленушілері, жиі ауыратын иммунитеті төмен балалар мен созылмалы аурулары бар ересек адамдар, медициналық қызметкерлер мен жүкті әйелдер. Дәрігерлер иммунитетті нығайту, халық көп шоғырланған орындарға баруды азайту, бөлмені жиі желдету, ауырған жағдайда өз бетімен ем-дом шарасын жүргізбей, бірден медицина қызметкерінің көмегіне жүгіну, қолды жиі жуу сынды қарапайым қауіпсіздік шаралары тұмаудың өрши түсуін азайтады дейді.