Тергеу амалының жаңа тәсілі

284

Бүгінгі таңда әлемде, соның ішінде елімізде де киберқылмыстардың саны мен түрі көп. Оның ең кең таралған және қауіпті түрі – электрондық ұрлық, яғни, интернет алаяқтық. Кейінгі 6 жылда осындай қылмыстардың саны 10 есеге артты, 2 мыңнан 20 мың оқиғаға дейін тіркелген. Салдарынан ел тұрғындарына келтірілген залал миллиардтаған теңгемен есептеледі. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Алматы облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының кибер қылмысқа қарсы тобының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Қуаныш Сайлаухан мен Жетісу облысы бойынша экономикалық тергеп тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Ербол Құрманбаев мәлімдеді.

Қуаныш Сайлаухан «Банкоматтық картаныздың нөмірін, CVV-кодын, ұялы телефонға банктен келген смс-кодтарды және жеке куәлігіңіз бен картаңыздың фотосуреттерін, ЖСН мен банктердегі есепшот нөмірлеріңізді ешкімге жолдамауларыңызды өтінеміз. Егер банкоматтық картаңызға ақша түссе, ол ақшаның нақты қайдан түскенін банк арқылы біліп алуларыңыз қажет. Күдікті сайттарға, әлеуметтік желілердегі ақша көбейтетін топтарға тіркелмеңіздер», — деп түрлі платформалармен жұмыс жасағанда ерекше сақ болуды ескертті. Айта кетейік, жуырда өңірімізде «бір терезе» қағидатымен жұмыс жасайтын жаңа тергеу амалы Киберпол орталығы ашылмақ. Мұнда қызметкерлер түскен арыздар бойынша шетелдік және отандық бағдарламалық жүйелер арқылы қылмыскерді табу үшін жедел әрекет етеді. Осылайша тергеу мерзімі 20-30 күннен 3-4 күнге дейін қысқармақ. Бұл жобаға отандық IT-компаниялар да өз үлестерін қоспақ. Олар алынған техниканы зерттеуге, цифрлық дәлелдемелерді іздеуге және өңдеуге көмектеседі. Бұдан бөлек, жоба шеңберінде бірқатар екінші дейгейлі банк пен криптоплатформамен шоттардан ақша ұрлау фактілеріне жедел әрекет ету, жәбірленушілердің транзит үшін пайдаланылатын ақшалардың шоттарын дереу бұғаттау туралы келісімдер жасалмақ. Мамандардың айтуынша интернеттегі алаяқтық қылмыстары шекара талғамайды, құқық бұзушылық әрекеттерін жасау ауқымы тым кеңейген. Сондықтан еліміз үшін халықаралық деңгейде өзара іс-қимылды нығайту үшін Еуропа Кеңесінің компьютерлік қылмыстар туралы конвенциясына қосылу мәселесі күн тәртібіне қойылып, тиісті жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде, аталған құжатқа қосылуға шақырту қабылданған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз