Қоғамда мемлекеттік тілдің ықпалы ерекше. Өйткені ол барша қазақстандықтарды ортақ идеологияға жұмылдыратын киелі құрал. Жетісу облысыының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Оқушылар сарайында «Тіл –татулық тірегі» атты облыстық фестиваль өтті.
Ең алдымен, Бикен Римова атындағы драма театр әртістерінің қойылымы татулық пен бірлікке бастаған тілге арналды. Мұнан кейін Жетісу облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Е.Ақшабаев, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ Жетісу облыстық филиалының төрағасы Әміре Әрін құттықтау сөз сөйледі.
Фестиваль аясында өңірімізде тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған шараларда белсенділік танытып, үлес қосқан сала мамандары мен тіл жанашырларына ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің, Тіл саясаты комитетінің, облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде, 5 қыркүйек- Тілдер күнінде дүниеге келген, биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге құрмет көрсетілді. Ол оқушылардың әрқайсысына 50 мың теңгенің сыйлығы жасалды. Олар да сахнаға шығып, сыйлық алып мәз болды.
Тілдік шара Жетісу өнерпаздарының концертіне ұласты.