«Шахмат керуені» жобасы аясында Жетісудың үздік әуесқой шахматшылары анықталды. Бұл өңірлерде шахмат спортын кеңінен насихаттау мақсатында қолға алынған республикалық жоба, Freedom Broker бас серіктесінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
10 қыркүйекте жолға шыққан автокеруен Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Семей және өзге де қалаларды аралап үлгерді. Енді 10 қарашаға дейін еліміздің түкпір-түкпіріне сапар шегеді. «Турнирдің мақсаты – шахматты әуесқой ойыншылар арасында көбірек насихаттау. Оған мектеп оқушылары да, зейнеткерлер де қатыса алады. Мұндағы ең басты ерекшелік қатысушылар жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, барлығы бір шахмат тақтасында бақ сынаса алады», – дейді Қазақстан шахмат федерациясы президентінің кеңесшісі Олег Рябченко. Айта кетейік, шара барысында Қазақстан шахмат федерациясының Жетісу облыстық филиалы ашылды. Оның төрағасы болып облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли тағайындалды. «Бүгін Талдықорғанның ауа райы да тамаша, халық та көп жиналды. Қаламызда шахмат федерациясының жаңа филиалы ашылып, бізге үлкен жауапкершілік артылып отыр. Жастарымыздың интеллектуалды, білімді ұлт болып қалыптасуында бұл спорт түрінің алатын орны ерекше», – деді төраға.
Орталық алаңда орнатылған жылжымалы киіз үйде шахматтан турнир ұйымдастырылды. Мұнда Қазақстан құрамасының намысын қорғап, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Ксения Балабаевамен бір мезеттік ойын сеансы өтті. «Шахмат керуені» – басқа қаладағы жарыстарға бара алмайтын адамдар үшін өте жақсы мүмкіндік. Олар осы турнирде тәжірибе жинақтап, жаттығады және бір мезгілде мықты шахматшыларға қарсы ойнайды», – деді. Турнир қорытындысына сәйкес І орын иегері Ғани Түгелбаев, ІІ орын жүлдегері Ерназар Исумбаев пен ІІІ орын алған Виталий Овчинников қараша айында Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алды.
Қазақстан шахмат федерациясы тұңғыш рет 1992 жылы құрылған. Оның алғашқы басшысы ақын, жазушы және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов болды. Соңғы он жылда қазақ шахматы қарқынды дамып келеді. Атап айтсақ, балалар, жасөспірімдер және жастар арасындағы әлем чемпионаттарында отандастарымыз 100-ден астам медаль жеңіп алды. Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева сияқты гроссмейстерлер әлемдік шахмат элиталарының қатарында. Бүгінде елімізде 7 мыңға жуық шахмат секциясы бар. Онда 253 мыңнан астам адам интеллектуалды спорт түрін меңгеруде. Ағымдағы жылы Үкімет елімізде шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Осы жоспар аясында бес жылда бастауыш сыныптағы балалардың 20 пайызы «Шахмат негіздері» таңдау пәнімен қамтылмақ.