Осы жылғы қыркүйек айының 28-29 күні аралығында «Ұлытау – түркі өркениетінің жерұйығы» тақырыбында V республикалық «Жас архившілер» байқауы ұйымдастырылған болатын. Бұл республикалық шара «Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» ММ және «Ұлытау облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің ұйымдастыруымен Жезқазған қаласында өткізілді.
Тартысты бәсекеге Қазақстан Республикасы Президенті архиві «Жас қыран», Жетісу облысының мемлекеттік архиві «Жетісу жұлдыздары», Атырау облысынан «Атыраулық архившілер», Қарағанды облысының мемлекеттік архиві «Сарыарқа» командалары қатысты.
Жетісу облысы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы, команда мүшесі Кенже Саубанқызының айтуынша, бұл байқау архив ісінде өзара тәжірибе алмасуға, жаңашалдыққа ұмтылыс, жігер беретін маңызды шара.
Байқаудың салтанатты ашылуында Ұлытау облысының тарихи – археологиялық музей көрме залы мекемесінің басшысы З.Калменова,«Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамытужәне архив ісі басқармасы» КММ басшысы Э.Жанпейісова,тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Р. Сариева, Президент архиві директорының орынбасары Р. Карибжанова, Ұлытау облысы Мемлекеттік архив басшысы Д.Орынбасарова командаларға сәттілік тіледі. Командалардың реті жеребе тарту арқылы белгіленіпті.
Байқау нәтижесі бойынша жүлделі 1 – орынды «Жетісу жұлдыздары» құрамасы иеленіп, Жетісу облысының мемлекеттік архивінің намысын қорғаған Кенже Қанапиянова, Раушан Досымбекова, Гүлжан Мейрамбекова және Жанна Унерханова салтанатты түрде марапатталды. Еңбектері жана берсін деген тілектеміз.