Kinder fest» балалар шығармашылық фестивалінде 25 келі торт кесілді

359

Қала күніне орай, «Оқушылар сарайы» алаңында «Kinder fest» балалар шығармашылық фестивалі өтті. Шарада «Мұрагер» домбырашылар ансамблі, «Солнышко» үлгілі хореографиялық  би ансамблі  және де басқа топтар өз өнерлерін ортаға салды.

Қала әкімі Ернат Дүйсенбекұлы фестиваль қонағы болып, мерекеге арналып дайындалған тәтті тортты салтанатты түрде кесіп, өнер мен шығармашылыққа жаны құмар дарынды балдырғандарды мерекемен құттықтап, оқуда озат болуды тіледі.

Балаларға арналған тәтті тағам торттың салмағы 25 келі  болса, ұзындығы 1 метрді құрады.  Ерекше тортты «Fortuna Food» кондитерлік кафесі сыйға тартты.

Осы күні балалар сурет салып, кішкентай тұрғындарымыз асфальтқа қаланың көрікті жерлерін өрнектеді. Ең жас суретші Анаел Саматқызы да үлкендерден қалыспай  сурет салып жатқанына куә болдық.

 IT үйірмесінің жеткіншектері ( жетекшісі А. Сыдықова) құрастырған түрлі  роботттар келушілер қызығушылығын тудырды.  Мәселен, Нұрасыл Шарипов  құрастырған Vex V5 қала тазалығына жауапты адамдардың орнын баса алады екен. Ал Жәнібек Тұрсынбекұлы да Vex iq   конструкторымен  жобасымен түрлі байқауларға қатысқан.

Нұрасыл Шарипов: — Қала күні құтты болсын.  Мен №28 IT мектептің оқушысымын. Робототехникаға қызығушылық танытып, Оқушылар сарайындағы үйірмеге қатысып жүргеніме 3 жылдай болды.  Келешекте робот адам өмірін жеңілдетеді. Болашақта  робототехника өміріміздің тірегі болады.

 Бұл күні Оқушылар сарайының алдына жиналған қала тұрғындар  балалардың әсем әні мен күмбірлеген күйін тыңдады.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз