Шаңырақ күнінде қырықтан астам жетісулық үйлі болды

Бүгін Наурызнама онкүндігіне орай Шаңырақ күні аясында Талдықорғанда 40 –тан астам тұрғын үйлі болды. Оларға жаңа пәтер кілттерін облыс әкімі Бейбіт Исабаев табыстады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы кілт тапсыру салтанатында сөйлеген сөзінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту басты міндеттердің бірі екенін атап өтті:

— Президенттің бастамасымен қабылданған жаңа Конституцияның негізгі ұстанымы да сол — адамға бағытталған мемлекет құру, қарапайым азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Бұл орайда біз халықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында облыс құрылғаннан бері тұрғын үй құрылысын қарқынды жүргізіп келеміз. Жалпы, Талдықорған қаласында өткен жылы 630-дан астам адам үйлі болса, жыл басынан бері 135 тұрғын жаңа қонысқа ие болды. Ал жыл соңына дейін қалада 1400-ге жуық баспана салынады деп жоспарланып отыр. Жаңа қоныстарыңыз ырыс пен берекеге толып, осы үйде өсіп-өне беріңіздер! – деді Б. Исабаев.  

Атап өтсек, жаңа қоныс жетім балалар, толық емес, көп балалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедек жандар және басқа да әлеуметтік осал топ санатына жататын азаматтарға берілді. – Мен көп жыл кезекте тұрдым, бүгін үш бөлмелі пәтердің кілтін алдым. Енді Наурызды өз үйімізде қарсы алатын болдық. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Осы іске атсалысқан барша жанға алғысымды білдіремін, қоныс иелерінің бәрін шын жүректен құттықтаймын, молшылық, бақыт тілеймін, – деді ол.

Тағы бір қоныс иесі Артем Попов та ой қосты:

– Мен балалар үйінде тәрбиелендім. «Жетім балалар» санаты бойынша пәтер алдым. Тұрғын үй кезегінде 15 жыл тұрдым. Бізді осы қуанышқа жеткізген  барлық азаматтарға алғыс айтамын. Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын, – деді ол.

Гүлдерайым Оспанова да ұлы Мадияр Мұратханның пәтерлі болғанына қуанышты:

– Ұлым 10 жыл кезекте тұрды. Сабыр сақтап, күттік, әр нәрсенің өз уақыты бар. Басқа да кезекте тұрғандар бір күні біз сияқты көптен күткен баспаналарын алады деп ойлаймын. Ұлым бочча спортынан Қазақстан чемпионы, жүзумен айналысады. Енді оның өз пәтері бар. Бұл – барлығымыз үшін Наурыз мерекесіне үлкен сый болды, – деді ол.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз