Биыл ұлттық валютаның үшінші формасы – цифрлық теңгені енгізудің бірінші кезеңі аяқталады. Ұлттық банктің мәліметінше, цифрлық теңге 2025 жылдың соңына дейін айналымға енеді.
Ұлттық банктің хабарлауынша, цифрлық теңге 2025 жылдың соңына дейін 3 фазада енгізіледі. Жобаны іске асыру жол картасына сәйкес, 2023 жылы бірінші кезеңі жүзеге асырылуда. Жобаның І фазасын іске асыру қорытындысы 2023 жылы ұлттық валютаның 30 жылдығына орай өтетін Қазақстан қаржыгерлерінің конгресі аясында шығарылады. Толыққанды нәтижесі 2023 жылғы желтоқсанда қорытынды есеп (blueprint paper) форматында ұсынылады. Ұлттық банк мәліметінше, цифрлық теңге қолма-қол және қолма-қолсыз ақшалардың орнын ауыстыруға бағытталмаған, ол қолданыста қатар жүре береді. «Цифрлық теңге қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырады, инновациялық қаржы өнімдерін жасау үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, мемлекеттік шығыстардың тиімділігін еселейді, сондай-ақ трансшекаралық төлемдерде шығынды азайтады», — делінген Ұлттық банк мәлімдемесінде.