«Ауыл аманаты»: биыл Жетісуда 400-ге жуық жобаны іске асыру жоспарланған

Биыл Жетісу облысы бойынша «Ауыл аманаты» жобасы аясында шамамен 400 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар өткен жылдың 225 жобасын қаржыландыруға қаражат бөлінген. Бұл әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2026 жылға арналған кешенді даму жоспары мәселесі талқыланған облыс әкімдігінің отырысында хабарланды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

— Өңірде ауылдық аумақтарды дамыту бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Біз елді мекендерде тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салдық, газ тарттық, жолдарды жөндедік, бұл жұмыстарды ары қарай да жалғастырамыз.  Жалпы, ауыл халқының тұрмыс жағдайы – аграрлық өңіріміздің дамуы үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Осы тұрғыда «Ауыл аманаты» жобасы үлкен көмек болып отыр. Қажетті қаражат бөлінді, енді берілген мүмкіндіктерді тиімді әрі сапалы пайдалану қажет. Жоба аясында мал шаруашылығын дамытумен қатар ауылдағы бизнестің басқа да бағыттарына, оған қоса кооперативтер құруға да ерекше назар аудару керек, – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды әрі қарай дамыту мәселесіне тоқталған облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңірде орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі 100%-ға, ал табиғи газбен қамту 67%-ға жеткенін атап өтіп, ендігі жерде абоненттерді қосу жұмыстары белсенді жүргізілуі тиіс екенін қадап айтты. Бұл – аудан және қала әкімдері мен ауылдық округ әкімдеріне жүктелген ең маңызды міндеттердің бірі, бұл тапсырмалардың орындалуы – олардың жұмыс тиімділігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі.

Әкімдерге ауыл шаруашылығы мен ауылдық бизнесті тұрақты дамытуға бағытталған тиімді шаралар қабылдау, микрокредиттер алу және мемлекеттік қолдау механизмдері туралы тұрғындар арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, қоғамдық жайылымдар бөлу және басқа да мәселелерді жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып шешу міндеті қойылды.

– Әкімдік отырысына ауылдық округ әкімдерін арнайы шақырдық. Барлық деңгейдегі әкімдер заман талабына сай жаңаша жұмыс істеу білуі керек, яғни есеп үшін емес, нақты нәтиже үшін жұмыс істеуі тиіс. Тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, барлық мәселелер бойынша кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. инфрақұрылым салудан бастап білікті мамандар тартуға дейін барлық бағыттарды қамти отырып, ауылдық аумақтарды дамыту – біздің ортақ міндетіміз, – деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз