«Жетісу» волейбол ерлер командасы өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан Суперкубогында жеңіске жетті. Еске салсақ, бұған дейін ол Астанада өткен ел Кубогында да жеңімпаз атанған болатын, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Волейболдан ерлер командалары арасында Оралда ел чемпионатының ІІІ үлкен тур ойындары өтіп жатыр. «Жетісу» командасы биылғы Қазақстан кубогының иегері ретінде бірінші матчты былтырғы маусымның жеңімпазы «Жайыққа» қарсы өткізіп, 3:0 есебімен жеңді. Сөйтіп, «Жетісу» командасы Қазақстан Суперкубогын иеленді. Оған қоса жетісулық волейболшылар чемпионатта турнирлік кестеде көш бастап келеді.
— Жетісу жерінде жалпы волейболдың өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Бүгінгі жеңіс бір-ақ күндегі емес, талай жылғы еңбектің жемісі. Марат Адыршев волейболшыларды тұрақты жаттықтырып келе жатқанына он жылға жуықтап, осы деңгейге жеткізді. Ендігі меже — ел чемпионаты, сондықтан оған бар күшімізді саламыз. Биыл қыздарымыз да, ұлдарымыз да жеңіске жетіп, барша жетісулықтарды қуантып жатыр. Біз жеңісті жолға қадам бастық, енді нәтижемізді одан әрі де арттыра түссек дейміз. Осы тұрғыда облыс басшылығы бізге тиісті қолдау көрсетіп келеді, — деді өз сөзінде «Жетісу» волейбол клубының директоры Нияз Жантілеуов.
Еске салсақ, биыл «Жетісу» қыздар волейбол клубы өз тарихында бесінші рет Суперкубокты алды (Еліміздің ең атағы көп «Жетісу» командасы Қазақстанның Суперкубогын бесінші мәрте иеленді), сол сияқты былтырғы маусымда қыздар командасы өзі қатысқан жарыстың бәрінде жеңіске жеткен болатын.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Серік Қантаев (архив), сол сияқты бірқатар фотосуреттердң «Жетісу» волейбол клубы ұсынды.





























