Жетісу облыстық филиалында «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы жанындағы Өңірлік кеңесі кеңейтілген отырысы болып өтті. Отырысқа облыстық басқармалар басшылары, партия мүшелері, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Күн тәртібінде «AMANAT» партиясының Жетісу облысы бойынша 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының 2026 жылға жоспарланған көрсеткіштерінің орындалуы туралы мәселелері қаралды.
Кеңес барысында Жетісу облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы сондай-ақ Жетісу облысы құрылыс басқармасы басшылары, орынбасарларының есептері тыңдалды.
Мәселен, Жетісу облысы құрылыс басқармасы басшысы орынбасары Айдос Кунесбаевтың айтуынша;
«2025 жылы өңірде жалпы 240 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен бірге 69 нысанның құрылысы 2026 жылға ауысты. Жобалау жұмыстары бойынша 40 жобаға сараптама қорытындысы алынып, 19 жоба келесі жылға өткізіліп отыр. Биылғы жылы осы қаражат есебінен 71 нысанның құрылысы жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және құрылыс қарқынын күшейтуге бағытталған,» -дейді ол.
Отырыстың қорытындысы бойынша көтерілген мәселелер мен ұсыныстар назарға алынып, жауапты органдарға тиісті тапсырмалар жүктелді. «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы сайлауалды бағдарламаның жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстайтынын, ал жол картасындағы әрбір индикатордың нақты әрі уақытылы орындалуы – партияның басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.





























