Жетісу облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында биыл 12 жасыл аймақты абаттандыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 9 саябақ, 1 сквер және 2 аллея бар, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, экобағдарлама аясында өңірде биыл 25 аула, 17 балалар мен спорт алаңдары абаттандырылады. 148 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары мен қасбеттері жөнделіп, 15,6 шақырым арық желілері ретке келтіріледі, 200 шақырым көше жарығы орнатылады. Сондай-ақ 121 мың көшет отырғызу жоспарланған.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде 13 саябақ, 6 аллея, 2 сквер абаттандырылды. Солардың ішінде бірегей нысандардың бірі – Сарқан ауданында орналасқан, табиғи ландшафты сақтай отырып салынған саябақ. Жалпы аумағы 6 гектар болатын бұл саябақта Жоңғар-Алатау ұлттық табиғи паркінің флорасы мен фаунасын бейнелейтін ағаштар отырғызылып, жануарлардың мүсіндері орнатылған. Осыған байланысты алдағы уақытта оны экопарк ретінде дамыту жоспарланып отыр.
– Балалық шағымызда біз өзен жағасына барып, өте ертеде өзен ағынымен келген алып ақ тастарды тамашалайтынбыз. Ата-аналарымыз бұл жерге қонақтарды серуендетіп әкелетін. Бұл тастарға қатысты аңыздар мен тарихтар көп. Айтуларынша, олардың жасы жүз жылға жуық. Қуантатыны – бұл жер қазіргі заманға сай абаттандырылып, табиғи ерекшеліктері мен ландшафты сақталған. Соның нәтижесінде тұрғындар мақтан тұтатын ерекше, әдемі әрі бірегей саябақ пайда болды. Оны әрі қарай дамыту жоспарланып отырғаны да қуантады, – дейді Сарқан қаласының тұрғыны Айзада Бикетқызы.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде 2 орталық алаң, 49 аула, 81 балалар мен спорт алаңы абаттандырылды. 77 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры мен 33 қасбеті жөнделді. 16,5 шақырым арық желілері мен 72 ескерткіш қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, 315 шақырым көше жарығы орнатылып, Сарқан және Үштөбе қалаларында, сондай-ақ Көксу ауданының Балпық би ауылында көпқабатты үйлердің қабырғаларына үш тақырыптық мурал салынды.
– «Таза Қазақстан» муралы экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға ұқыпты қарау тақырыбына арналған. «Адал Азамат» муралы адалдықты, патриотизмді және жауапкершілікті білдіреді. Ал «Заң мен Тәртіп» муралы әділетті мемлекет құрудағы заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіптің маңызын көрсетеді. Біз, жастар, тазалықты сақтау, адал еңбек ету, заң мен адамдарды құрметтеу – болашаққа қосқан үлесіміз деп санаймыз, – дейді «Жетісу жастары» КММ директоры Шамиль Ванкеев.
Жалпы өткен жылы Жетісу облысында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы іс-шараларға 227 мың тұрғын қатысты. Нәтижесінде 134,9 мың көшет отырғызылып, 16 мың тонна қоқыс шығарылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фототілшілер: Жұмабай Мұсабеков, Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев





























