Жаңа жылдың басында Жетісу облысында тағы бірқатар отбасылар қоныс тойын тойлады. Атап айтсақ, әрқайсысы 60 пәтерден тұратын екі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы кезекте тұрған алғашқы тұрғындар өз баспанасының кілтін алды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бес қабатты екі үй Сарқан ауданы Сарқан қаласының жаңа шағынауданында орналасқан. Үйде 30 бір және екі бөлмелі пәтерлер, сондай-ақ 60 үш бөлмелі пәтер бар. Баспаналы болғандар арасында көп балалы және толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және мүгедек азаматтар бар.
— Менің екі ұлым бар. Бір ұлым 6 жыл бұрын инсульт алып, ІІ топтағы мүгедек болып қалды. Осы уақытқа дейін отбасыммен, үш баламмен бірге баспана жалдадық, денсаулық жағдайына байланысты бұл оңайға соқпады. Енді өзінің кезегі келіп, үш бөлмелі пәтерге ие болды. Мен оны құттықтауға келдім, өзім зейнеткермін, Екіаша ауылында тұрамын, — деп қоныстанушының анасы, еңбек сіңірген демалыстағы ұстаз Ғалия Жарлықасынова өз ойымен бөлісті.
Жас қоныстанушылардың бірі Мирас Мейрамұлы да пікірін білдірді:
— 2017 жылдан бастап тұрғын үйге кезекте тұрамын. Бүгін мен өз пәтерімді алдым. Бұл өте қуанышты жағдай және үлкен қолдау. Баршаңызға алғысымды білдіремін және жаңа қоныстанушыларды шын жүректен құттықтаймын, — деді ол.
Айта кетсек, Сарқан ауданында осы екі көпқабатты үйден басқа ауданның ауылдық елді мекендерінде 62 жеке тұрғын үй пайдалануға беруге дайын.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Жетісу облысында 2166 кезекте тұрғандарға арналған тұрғын үй дайындалды, былтырғы жылдың мамыр айынан бастап кезекте тұрғандар арасында тұрғын үйді бөлу функциясы «Отбасы банкке» берілгендіктен, оның ішінде мыңнан астам адам жаңа қонысына көшті.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді Сарқан ауданының әкімдігі ұсынды




























